Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АУДАНДЫҚ ГАЗЕТТЕН БАҒЫТ-БАҒДАР АЛҒАНМЫН

АУДАНДЫҚ ГАЗЕТТЕН БАҒЫТ-БАҒДАР АЛҒАНМЫН

Бізді әдебиетке баулыған ардақты ұстаз, сынып жетекшіміз Балашбек Шағыров еді. Белгілі ақын ағайымыз әрдайым «Әдебиет – ардың ісі» деп отыратын. Мектеп бітіргеннен кейін жоғарғы оқу орнына түстік. Институтта оқып жүргенде облыстық «Жезқазған туы» газетіне хабар-ошар, мақала жазатынмын. Студентке қаламақы да керек, дегенмен мақалаңның баспасөз бетіне шыққаны үлкен қуаныш еді. Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін елге оралдым. Аудандық газетке атсалыстым. Бір топ шымшымаларым сатирик ақын Мұқтар Сақтаповтың «Сәт сапарымен» жергілікті баспа­сөзде жарияланды. Жауапты хатшы Балашбек Шағыров, журналист Алтынбай Дәуренбеков және т.б. «Еңбек туына» жазып тұр деп ақыл-кеңес беріп, қауырсын қаламымызға бағыт-бағдар сілтеді. Жергілікті баспасөзден қанаттанғаннан кейін республикалық «Ара» журналына, «Қазақ әдебиеті» газетіне сатиралық дүниелерім жария­ланды.
Жұмысқа қабылдау қазіргідей ат емес, хат жүретін заманда ауданға, облысқа белгілі журналист Серік Әлімбетовтың ұсыныс хатымен Ақтөбе облысы Октябрь аудандық «Октябрь Туы» – «Знамя Октяб­ря» газетіне әдеби қызметкер болып қабылдандым. Бұл 1985 жылдың 5 қыркүйегі болатын. Ол кезде газет қызметкеріне ерекше жағдай жасалушы еді. Жұмысқа тұрғаныма екі-үш ай өткеннен кейін отбасыма аудан орталығы Қандыағаш қаласынан 2 бөлмелі жайлы пәтер берілді. Өзім ұнатқан жұмыс бар, пәтер бар, тек алаңдамай еңбек ету керек. Солай болды да. Ол кезде Октябрь аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы – қазіргі Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Баймұқанұлы Бірманов еді. Сол кісінің көзіне түскен болуым керек «мені жас журналист» деп партия қатарына қабылдатты. Көп ұзамай бөлім меңгерушілігіне жоғарылап, бас­пахананы қосқанда 30-дың үстінде адам еңбек ететін еді, бастауыш партия ұйымының хатшылығына сайландым. Осы аудандық газетте 15 жыл еңбек еткеннен соң 2000 жылы тест тапсырып, мемлекеттік қызметкер атанып, Мұғалжар аудандық әкімі аппаратының жетекші маманы болып жұмыс жасадым. Одан кейін аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы болдым.
2007 жылы туған жерге оралып, 22 жылдан соң дәл сол 5 қыркүйек күні аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне сектор меңгерушісі болып орналас­тым. 2011 жылдан бері газеттің жауапты хатшысымын. Туған жердегі шығармашылық қызметім қалың оқырманның көз алдында өтіп жатыр. Жаны жайсаң ағалардың жолын қуып, журналист мамандығын таңдағаныма Аллаға мың қайтара тәуба деймін. Соның арқасында елге танылдым. Өмірбаяным ізгілікпен өріл­ді. Сондықтан да о баста осы жол­ға бағыттаған аудандық газетке қа­рыздар екендігімді ұмытқан емеспін.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
27 наурыз 2019 ж. 1 033 0