Ақын С.Ембергеновты еске алуға арналған облыстық турнирдің ашылу салтанаты өтті

Спорттық іс-шараға қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» Әріп Хожбанов, Қазақстанның Еңбек Ері, Қызылорда облысының және Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» Абзал Ералиев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық мәслихат депутаттары, аудан ардагерлері мен ақынның ұрпақтары қатысты.
Аудан басшысы ақын, мәдениеттанушы С.Ембергеновтың аудан дамуына қосқан үлесін атап өтті.
– Сейтмұрат Сейтжанұлы – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде мәдениет саласының өркендеуіне үлес қосқан ардақты тұлға. Ол ұстаздық қызметтен бастап, мемлекеттік қызметте, одан кейінгі уақытта мәдениет саласында жемісті еңбек етті. Аудандық мәдениет бөлімін басқарып, сала жұмысының қалыптасуына, тарихи-мәдени құндылықтарымыздың жандануына қажырлы қызмет атқарды. Сейтмұрат Ембергенов аудандық тарихи-өлкетану музейін ұйымдастыруға атсалысты. Елге белігі ақын жауапты қызметтермен қатар шығармашылыққа да ерекше көңіл бөліп, оқырманын жырларымен сусындатты. Саналы ғұмырында «Өмір өрнектері», «Үлкеннен ұлағат», «Мен Асқар ауылынанмын», «Мәңгілік ізін қалдырған», «Ізгілік иірімдері», «Тағылым» және «Имандылық иірімдері» атты кітаптары жарық көрді. Туған жерінің әлеуметтік-мәдени саласында үлкен үлес қосқан абзал азаматтың еңбегі бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбек ерлігі үшін», «Қазақстанның 10 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі және «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды. Ардақты азаматтың есімін дәріптеу мақсатында ауданда көптеген іс-шаралар ұйымдастырлуда. Тереңөзек кетіндегі жаңа шағын ауданнан Сейітмұрат Ембергеновтің есімі көшеге берілді. Бұл – туған еліне еңбегі сіңген дара тұлғаға деген үлкен құрметтің белгісі, – деді Берік Әбідғаппарұлы.
Турнирдің ашылуында қоғам қайраткері, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» Ә.Хожбанов, Қазақстанның Еңбек Ері А.Ералиев сөз сөйлеп, елге атқарған еңбектерін тілге тиек етті.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Сейтмұрат Ембергеновті еске алуға арналған облыстық турнирге 60-қа жуық спортшылар қатысып, бақ сынауда.
Айта кетейік, құрметті меймандар «Руханият» орталығында ақынның кітап көрмесімен және ұлы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ш.Ембергеновтың туындыларымен танысты.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі