Халықаралық турнир жалауын желбіретті
Жақында Сырдария ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған волейболдан ХХVII халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, генерал-майор, Ауған соғысының ардагері Әлімжан Ерниязов, ардагерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Елеу Көшербаевтың ұрпақтары мен спорт саласының өкілдері қатысты.Турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары сөз сөйлеп, Елеу Көшербаевтың аймақтың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына қосқан үлесіне тоқталды. Бұл ретте, облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының құттықтау хатын табыстады.
– Ардақты ардагерлер, қадірлі қонақтар, спорт саласының өкілдері, құрметті жас спортшылар Сіздерді мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған волейболдан ХХVII халықаралық турнирдің ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын! Елеу Көшербаевтың ел алдындағы еңбегі, мемлекет пен қоғамның дамуына қосқан үлесі Сыр өңірінің тарихында айрықша орын алады. Ол әр жылдары аудандық және облыстық деңгейдегі жауапты қызметтерді атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық өмірінің өркендеуіне елеулі үлес қосты. Ғұмырын ел қызметіне арнаған азаматтың өнегелі жолы бүгінгі ұрпақ үшін тағылымы мол мектеп деп білеміз. Осы ретте, Елеу Көшербаевтың есімін ұлықтап, оның өмірі мен еңбек жолын кейінгі буынға насихаттауға бағытталған дәстүрлі турнирдің мәні ерекше. Жиырма жеті мәрте ұйымдастырылып отырған бұл халықаралық дода бүгінде спорттық жарыс шеңберінен шығып, жас ұрпақты отансүйгіштікке, табандылыққа және салауатты өмір салтына тәрбиелейтін маңызды іс-шараға айналды, – деді Қайрат Ырзақұлы.Жиында генерал-майор, Ауған соғысының ардагері Әлімжан Ерниязов сөз сөйлеп, жас ұрпаққа спортта биік белестерді бағындырып, ел абыройын асқақтатуға тілектестігін білдірді. Сондай-ақ Қызылорда облысының Құрметті азаматы Айтбай Көшербаев сөз алып, дәстүрлі турнирдің жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мемлекет және қоғам қайраткерінің есімін ұлықтауға, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
Осы жылғы жарысқа 2012-2013 жылы туған жасөспірім ұлдардан құралған 22 команда қатысуда. Халықаралық додаға еліміздің барлық өңірлерінен, Астана, Алматы, Шымкент және Байқоңыр қаласынан, сондай-ақ Өзбекстан Республикасынан бірнеше команда келіп қатысуда. Жалпы, турнирге 400-ге жуық жас спортшы өзара бақ сынауда.
Е.Көшербаев Тереңөзек, Сырдария аудандық атқару комитеттінің төрағасы, Қармақшы, Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған. Зейнетке шыққан соң да облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде игі істер атқарған.
Мемлекет және қоғам қайраткерінің есімін ұлықтауға арналған дәстүрлі турнир жас спортшылардың волейболға қызығушылығын арттырып, спорттық шеберлігін шыңдауға бағытталған. Жарыс барысында жас волейболшылар өзара сынға түсіп, үздік команда мен ойыншы легі анықталады.
«Тт» ақпарат










