ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы С.Қобландинді еске алуға арналған республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті

Аудан басшысы жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, республикалық турнирдің маңыздылығына тоқталып өтті.
— Спорт саласының дамуына, оның ішінде елімізде көгалдағы хоккейдің өсуіне өзіндік үлес қосқан азаматқа арнап турнир өткізу ауданда дәстүрге айналды. Сұлтанбек Ибрагимұлы көгалдағы хоккей спортымен айналысып, 1982 жылы Алматының «Динамо» командасының сапында Кеңес Одағының чемпионы және Одақтың кубок жеңімпазы атанды. Одан кейін көгалдағы хоккейден шәкірт тәрбиелеймен айналысып, Қызылорда облысының ерлер және әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы болды. Бүгінде КСРО спорт шеберінің тәрбиесін көрген шәкірттері ардақты азаматтың жолын жалғап, көгалдағы хоккейдің дамуына үлес қосып келеді. Халықаралық жарыстарда білікті жаттықтырушы тәрбиелеген спортшылар сан мәрте жарқын жетістіктерге жетті. Сондықтан Сұлтанбек Қобландиннің мемлекетіміздің, оның ішінде Сыр өңірі спортының өркендеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырғанын көпшілік жақсы біледі. Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлық санаған. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Ауданда спорт саласын дамыту бағытында ғимараттар жаңартылып, барлық жағдай жасалып келеді. Бүгін республикалық турнирде спортшылар өз шеберліктерін ортаға салып, жақсы өнер көрсетеді деп сенемін, - деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Сонымен қатар Сырдария ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда облысының қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов және Сұлтанбек Қобландин туыстары атынан апасы Бибімария Маханова ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.
Айта кету керек, жарысқа еліміздің түпкір-түпкірінен 11 команда 150-ге жуық спортшы қатысуда.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі