Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Дзюдодан республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті

Дзюдодан республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Н.Ілиясов ауылында «Абзал және К» толық серіктестігінің жүлдесі үшін жасөспірімдер арасындағы дзюдодан республикалық турнирдің ашылу салтанатына қатысты. Іс-шараға спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Артаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Марат Омаров және «Абзал және К» толық серіктестігінің директоры Мағжан Ералиев қатысты.

Спорттық іс-шарада аудан басшысы құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында спорт саласы бойынша әр облыста және ірі аудан орталықтарында саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін арнайы спорт орталықтарын ашу қажет деді. Қазақстан Президентінің бұл тапсырмасы Үкімет басшысы және облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен Сыр елінде қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы «Самұрық қазына траст» қорының демеушілігімен 3 млрд. 400 млн.теңгеге «Үстел теннисі орталығы» салынып, халыққа қызмет етуде.
Облыс орталығында халықаралық стандарттарға сай келетін 11 мың орындық орталық стадион бой көтеруде. Сонымен қатар, «Қызылорда Арена»көпбейінді спорт кешенінің құрылысы басталып, келесі жылы ел игілігіне берілетін болады. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің іргетасы қаланды. Жаңа нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Алдағы күндері бірқатар спорттық үйірмені қоса қамтитын «Шығармашылық академиясы» ашылады. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы екенін ескерсек, жастарымыздың ертеңі үшін осындай спорттық іс-шаралардың маңызы ерекше. Өскелең ұрпақтың денсаулығын шыңдау үшін спорттық жарысты ұйымдастырушы Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевке шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Турнирдің ашылуында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Артаев және «Абзал және К» толық серіктестігінің директоры Мағжан Ералиев те сөз сөйлеп, жыл сайын ұйымдастырылып жатқан байрақты бәсекеге қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бүгінде Нағи ауылында ашық турнирлерді тұрақты ұйымдастыру үрдіске айналған. 2012 жылдан басталып, биыл 14-ші рет жалауын желбіреткен республикалық турнир спортшылардың үлкен жетістіктерге жетуіне мүмкіндік жасауда. Елді мекенде «Абзал және К» толық серіктестігінің жүлдесі үшін үстел теннисінен де ашық турнирлер жыл сайын өткізіліп келеді.

Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы дзюдодан республикалық турнирге еліміздің түпкір-түпкірінен 400-ге жуық спортшы қатысуда.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

05 мамыр 2025 ж. 46 0