Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Дзюдодан республикалық турнир басталды

Дзюдодан республикалық турнир басталды

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Н.Ілиясов ауылында «Абзал және К» жүлдесі үшін жасөспірімдер арасындағы дзюдодан республикалық турнирдің ашылу салтанатына қатысты.

Спорттық іс-шарада аудан басшысы құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында спорт саласы бойынша әр облыста және ірі аудан орталықтарында саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін арнайы спорт орталықтарын ашу қажет деді. Қазақстан Президентінің бұл тапсырмасы Үкімет басшысы және облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен Сыр елінде қарқынды жүргізілуде. Облыс орталығында халықаралық талаптарға сай келетін 10 мың орындық жаңа стадионның іргетасы қаланды. Құны 2,7 млрд. теңге болатын үстел теннисі орталығының құрылысы қарқынды жүруде. 6,8 млрд. теңгені құрайтын жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Сырдария ауданында да спортты дамытуға үлкен қолдау жасалып, мәдени-спорттық шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Биыл Бесарық ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілетін болады. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы екенін ескерсек, жастарымыздың ертеңі үшін осындай спорттық іс-шаралардың маңызы ерекше. Өскелең ұрпақтың денсаулығын шыңдау үшін спорттық жарысты ұйымдастырушы Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевке шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Турнирдің ашылуында Қазақстанның Еңбек Ері А.Ералиев те сөз сөйлеп, жыл сайын ұйымдастырылып жатқан турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бүгінде Нағи ауылында ашық турнирлерді тұрақты ұйымдастыру үрдіске айналған. 2012 жылдан басталып, биыл 12-ші рет жалауын желбіреткен республикалық турнир спортшылардың үлкен жетістіктерге жетуіне мүмкіндік жасауда. Елді мекенде «Абзал және К» толық серіктестігінің жүлдесі үшін үстел теннисінен де ашық турнирлер жыл сайын өткізіліп келеді.

Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы дзюдодан республикалық турнирге 14 өңірден 600-ге жуық спортшы қатысуда.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
26 мамыр 2024 ж. 139 0