Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Татами төрінде – жас палуандар

Татами төрінде – жас палуандар

Жақында Бесарық ауылында дзюдодан 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында «Абай-Дәулет» жүлдесіне арналған республикалық турнир жалауын көтерген болатын. Республикалық турнирдің ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ж.Айекешов, аудан әкімі Б.Сәрменбаев, облыстық дзюдо федерациясының вице-президенті И.Ысқақұлы және «Абай-Дәулет» ЖШС директоры М.Сәрсенбаев және Сыр өңірінің қонақтары қатысты.

Биыл алтыншы мәрте ұйымдастырылған турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Б.Сәрменбаев сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

– Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі.  Қоғамның басты көрсеткіші – адамның денсаулығы болса, оны нығайтуда спорттың алар орны ерекше. Спорт қай заманда болсын адамзатты бейбітшілік пен бірлікке үндеп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев спорт саласын жетілдіруге ерекше басымдық беріп келеді. Соның нәтижесінде, аймағымызда бұқаралық спортты дамыту мен жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлауға көп көңіл бөлінуде. Облыста аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен жаңадан спорттық нысандар бой көтеруде. Облыс орталығында халықаралық стандарттарға сәйкес Орталық стадион және жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Сонымен қатар, демеушілік есебінен Қызылордада үстел теннисі орталығының іргетасы қаланды. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданда да жалғасын табуда. Биыл Бесарық ауылында жаңа спорттық кешен ел игілігіне берілетін болады. Спорттың бұқаралық сипатының дамуына ел азаматтары өз үлесін қосуда. Олардың қатарында «Абай-Дәулет» серіктестігі жыл сайын жасөспірімдер арасында дзюдодан республикалық турнир ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Бұл – жастарға деген зор қолдау. Сондықтан спорттық іс-шараны ұйымдастырып жатқан Мұрат Абайұлына шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан басшысы.

Республикалық турнирге көршілес Өзбекстан мемлекетінен және еліміздің 12 облысы мен 3 қаласынан 650-ге жуық спортшы қатысып, татами төрінде бақ сынады. Спорттық іс-шарада облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ж.Айекешов, облыстық дзюдо федерациясының вице-президенті И.Ысқақұлы және «Абай-Дәулет» ЖШС директоры М.Сәрсенбаев құттықтау сөз сөйледі.

Палуандар бәсекесінде әр салмақ бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Жеңіс тұғырынан көрінген әрбір спортшыға арнайы диплом, медаль, кубок табысталды. Қорытынды есепте үздіктер қатарынан көрінген өңірлер де марапатталды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
30 наурыз 2024 ж. 194 0