Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№61 газет

16 тамыз 2025 ж.

№ 60 газет

12 тамыз 2025 ж.

№ 59 газет

09 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Доп таяқты ұршықша иірген бапкер

Доп таяқты ұршықша иірген бапкер

Білікті бапкер Төлеген Бекенов өткен ғасырдың соңғы он жылдығында ауданда көгалдағы хоккейден команда жасақтай бастады. 10-15 жастағы ауыл балалары осы спорт түріне қызығушылық танытып, жаңадан жасақталған команда сапына қосылды. Олардың қатарында ұзын бойлы, қимылы ширақ, спортқа бар ынтасымен берілген Жалғас Хұсайнов бар еді. Тереңөзектік спортшы алғашында футболға әуестенгенімен, көгалдағы хоккейден чемпион атануға ұмтылды.

Нағыз спортшы қай кезде де өз болмысын сақтап, күнделікті жаттығу үстінде жүреді. Бүгінде 52 жасқа келген Жалғас Болатұлы спортты бір сәтке жанынан тастаған емес. Өз уақытында 15 жастағы Жалғас 91 метрлік алаңда доп таяқты қолына ұстап, атой салды. Алаңдағы негізгі қызметі – қорғаушы. Анығын атқанда 71-74 мм болатын допты қақпашы тұрған аумаққа өткізбеу үшін аянып қалмайды. Ұлттық құрама сапында жүріп, Түрікменстан, Тәжікстан, Украина, Литва, Қырғызстан елдерінде ойнаған Жалғас Хұсайнов – аудан мақтанышы.
– Спортқа қызығушылығымыз оян­ған біз бала кезімізде стадионнан шықпайтын едік. Пазылхан ағамыздың жаттықтыруымен футбол ойнап жүр­ген кезімізде көгалдағы хоккейде бағымызды сынауды жөн көрдік. Көгалдағы хоккей де футболға ұқсас келеді. Алаңға 11 адам шығарылып, өзіндік әдіс-тәсілге сүйенеміз. Кезінде осы спорт түрімен шұғылданған 20-ға жуық командаласыммен бірге биік белесті бағындырдық. Аудан мерейін асқақтатуға күш салған едік, – дейді Жалғас Болатұлы.

Ұтымды ойын өрнегімен шетелдік мамандардың назарына іліккен ол Ресейдің ЦСК-ВВС клубында ойнауға шақырту алды. Мұнда келісімшарт бойынша 10 жыл клубтың намысын қорғады. Клубтық деңгейдегі әлем чемпионатында қола жүлдегер атанып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын сәтті қорғады. Германия елінде өткен құрлықтық бәсекеде жерлесіміз жасындай жарқылдады.

– Спортшы үшін 10 жыл бойы бір клубта ойнау – үлкен жауапкершілік екені даусыз. Өзге мемлекетте туған жерден жырақта жүріп, спортпен шұғылдану қиындық соқтырады. Ойыншы ретіндегі мансабым аяқталғаннан кейін бапкерлік қызметке келдім. Қазіргі уақытта №11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде шәкірт тәр­биелеудемін. Негізінен, көгалдағы хоккейге баланы 10-11 жастан қабылдай бастаймыз. Қызық та қиын ойын спортпен айналысу барысында балалардың сан түрлі жарақат алу қаупі бар. Соған қарамастан, осы спортты жанына серік еткен өрендер аудан мерейін республикалық, халықаралық деңгейде тасытуда, – дейді білікті бапкер.

1997-2013 жылдар аралығындағы балғын балалар арасында бірнеше буын­ды тәрбиелеп шығарған бапкердің шәкірттері бірнеше мәрте ҚР чемпионатында топ жарған. Күнделікті 25 баланы дайындайтын бапкер жеңіске жету үшін бар күш-жігерін салады. Биыл ҚР чемпионатының екінші тұғырынан көрінген сырдариялық спортшылар бапкердің сауатты қойған әдіс-тәсілін сәтті орындап шықты.

Айта кетейік, Жалғас Хұсайнов 2011 жылы Жанар Үргенішбековамен отау құрды. Қазіргі уақытта ерлі-зайыпты 1 қызды тәрбиелеп отыр.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

16 тамыз 2025 ж. 75 0