Спортта бағы жанған сайыпқыран ару
Бүгінгі таңда жастарды спортқа баулу және оны дамыту ауданымызда жақсы жолға қойылған. Соның ішінде ауданда көгалдағы хоккей спорты қарқынды дамып келеді. Әлемдік жарыстарда талай мәрте чемпион атанып, ел намысын қорғаған спортшылардың басым көпшілігі сырбойылық өрендер екені баршаға белгілі.
Аудан жастары халықаралық жарыстарда ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, ел намысын қорғап жүр. Сол себепті де аудан спортшыларының бәсі жоғары. Қазақстан Ұлттық құрама командасының ойыншысы, облысымыздың намысын қорғап жүрген «Қайсар» құрама командасының нұсқаушысы Қарлығаш Болғанбаева – ауданымыздағы ең таңдаулы әрі мықты спортшылардың бірі.
Білікті спортшы Қарлығаш Айтбайқызы – Тереңөзек кентінің тумасы. Бала күнінен спортқа жақын болған көгалдағы хоккей шебері – И.Тоқтыбаев атындағы №35 мектептің түлегі. Спорт майталманы мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация колледжінде «Жолсерік» мамандығы бойынша білім алып, кейіннен Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығын меңгеріп шыққан. Қарлығаштың бойындағы спортқа деген қабілеті мен дарыны отбасынан берілсе керек. Олай деуіміздің себебі атасы Тұрғанбай Болғанбаев тоғызқұмалақ спортынан жаттықтырушы болса, әкесі де жас кезінде футбол, көгалдағы хоккей секілді бірнеше спорт түрімен айналысқан мықты спортшы екен. Небәрі 10 жасында спорттық мансабын бастаған Қарлығаш Айтбайқызы өзінің ептілігімен, спортқа деген құлшынысымен көзге түсе білген. Тәжірибелі жаттықтырушы Сұлтанбек Қобландин жас спортшының осы спортқа деген құлшынысын аңғарып, Қарлығашты команда қатарына қосып, түрлі жарыстарға қатыстырып, зор еңбек етті. Әбден ысылған білікті спортшы байрақты бәсекелерде талай мәрте жеңіс тұғырынан көрініп, әлемнің түрлі спорт алаңдарында еліміздің әнұранын асқақтатып, көк туын аспанда желбіретіп келеді.
– Көгалдағы хоккейге ең алғаш 2002 жылы 10 жасымда келдім. Менің бұл спортқа келуіме бірден-бір себепші ауданда қыздар арасында көгалдағы хоккейдің негізін қалаушысы, мықты бапкер Сұлтанбек Қобландин ағайым еді. Бесінші сыныпты аяқтап, жазғы демалыстың кезінде спорт мектебінің ауласында ойнап жүргенімде Сұлтанбек ағай жанына шақырып алып, «Тұрғанбай Болғанбаевтың немересісің бе?» деп сұрады. Хоккейге қатысуға шақырып, мені ойнап жүрген бір топ қыздардың арасына қосып жіберді. Сөйтіп жүріп көшке қосылып кетіп, ағайымның арқасында көгалдағы хоккей спортынан бір-ақ шықтым. Сұлтанбек ағайдың мықты бапкерлігі мен қолдауының арқасында 2009 жылы «спорт шебері» атағын алдым. Сонымен қоса талай жылғы қажырлы еңбектің нәтижесінде 2018 жылы «халықаралық спорт шебері» атағына ие болдым, – дейді білікті спортшы.
Ауданда тәжірибелі жаттықтырушылардың арқасында спортшылар республикалық, әлемдік деңгейдегі жарыстардан жүлделі оралып жүр. Соның нәтижесінде, жастардың спортқа деген құлшынысы да артуда. Спорт шебері Қарлығаш Болғанбаева ел мерейін республика көлемінде ғана емес, шет мемлекеттерде де асқақтатып жүр. Атап айтқанда, 2007 жылы Катар қаласында өткен Азия чемпионатында І орын, 2024 жылы Өзбекстан мемлекетінің Андижан қаласында өткен байрақты бәсекеде І орын иегері атанған. Қарлығаштың жетісітігі мұнымен бітпейді, аруымыз құрама команда сапында Малайзия, Катар, Сингапур, Доха, Индия, Иондонезия мемлекеттерінде өткен турнирлерде өнер көрсетіп, еліміздегі республикалық дәрежедегі додалардан алдыңғы орындардан түспей келеді. Көгалдағы хоккей шеберінің осындай биіктерді бағындыруы тынбай жаттығу жасауы мен талай жылғы тәжірибенің арқасында. Қазіргі таңда көгалдағы хоккейден тәжірибелі спортшы «Қайсар» спорт клубының белді ойыншысы. Өз кезегімізде білікті спортшы аруға тек қана жеңіс тұғырынан көріне беруіне және Сұлтанбек ағайының жолын жалғастырар мықты бапкер болуына тілектеспіз.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ