Көгалдағы хоккейден спорт шебері
Республика көлемінде көгалдағы хоккейден сырдариялықтардың мерейі жоғары. Өйткені, «Сырдария ауданының құрметті азаматы», тәжірибелі жаттықтырушы Сұлтан Қобландин жаттықтыратын спортшылар ел мерейін республика көлемінде ғана емес, шет мемлекеттерде де асқақтатып жүр. Сол себепті де көгалдағы хоккейді айтқанда сырдариялықтардың серпіні айқын аңғарылады.
Бүгінде аудандағы көгалдағы хоккейден ерлер құрамасында тәжірибелі ойыншылар жасақталған. Олардың қатарында түрлі байрақты бәсекелерде жақсы ойын өрнегін көрсететін жас спортшы Ерасыл Қайқыбеков бар.
Тереңөзек кентінің тумасы көгалдағы хоккейден спорттық мансабын 2007 жылы бастаған. Үйірмеге қатыса жүріп, өзінің шеберлігін, ептілігін байқатады. Тәжірибелі жаттықтырушы жас спортшының осы спортқа деген құлшынысын аңғарып, Ерасылды команда қатарына қосып, түрлі жарыстарға қатыстырады. Нәтижесінде, жас спортшы 2010 жылы Қазақстан Республикасының чемпионатында бірінші орын алып, көгалдағы хоккейден спорт шебері нормативін орындайды.
– Көгалдағы хоккей үйірмесіне қатысқан жылдары бұл спорт республикада енді ғана дамып келе жатты. Бізді білікті бапкер Сұлтан Қобландин жаттықтырып, спортшылардың жоғары нәтижеге жетуіне зор еңбек етіп келеді. Ауданда үздік құрама жасақталып, еліміздің чемпионаттарында өнер көрсеттік. Осы чемпионаттардың жеңімпазы атанып, шет мемлекеттерде де ел мерейін үстем еттік. Бұл сырдариялық спортшылардың зор жетістігі екені айқын, – дейді көгалдағы хоккейден спорт шебері Ерасыл Асылбекұлы.
2012 жылдан Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасында өнер көрсететін жас спортшының жетістіктері жетерлік. Ол команда қатарында жүріп Қазақстан Республикасының ІІІ жазғы спартакиадасының жеңімпазы, Ресей Федерациясында өткен көгалдағы хоккей жоғарғы лигасында чемпион және Орталық Азия кубогінің жеңімпазы атанды. Сондай-ақ ол көгалдағы хоккейден Қазақстан Республикасының 6 дүркін чемпионы.
Қазіргі таңда көгалдағы хоккейден тәжірибелі жас спортшы «Қайсар» спорт клубының белді ойыншысы.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ