СЫРДАРИЯНЫҢ ҰЛ-ҚЫЗДАРЫ – СПОРТТЫҢ ЖҰЛДЫЗДАРЫ
Байрақты бәсекелерде аудан мерейін асқақтатып жүрген сырдариялық спортшылар тағы да топ жарды. Спортты серік еткен сайыпқырандар бұл жолы Тараз қаласы Талас ауданы әкімінің жүлдесіне арналған индор хоккейден ерлер мен қыздар арасында өткен республикалық турнирдің жеңімпазы атанды. Тартысты өткен бәсекеде ерлер арасында «Қайсар» командасы жарыстың ең биік тұғырына көтерілсе, қыздар командасы күміс жүлдені иеленді. Турнир барысында жақсы қырынан көзге түскен Бақытбек Сәрсенбайұлы «Үздік қақпашы» номинациясымен марапатталса, қыздар арасында Диана Маратжанова «Үздік жартылай қорғаушы» номинациясын жеңіп алды. Спортшылардың алдағы жоспары – үстіміздегі жылдың 5-12 ақпан аралығында Германияның Берлин қаласында индор хоккейден өтетін Әлем чемпионатына қыздар құрамасы қатысса, 20-29 наурыз аралығында Алматы облысында болатын ҚР чемпионатында ерлер және қыздар командалары облыс намысын қорғайды. Команданы жарысқа индор хоккейден және көгалдағы хоккейден ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сұлтанбек Қобландин дайындады. Айта кетейік, ал көгалдағы хоккейден 5-15 наурыз аралығында Иорданияның астанасы Амман қаласында өтетін Азия чемпионатына облысымыздан тоғыз спортшы Қазақстан құрама сапында өнер көрсетсе, жоғарғы лига командалары арасындағы Ресей федерациясының ашық чемпионатында «Қайсар» ерлер командасы шеберлік байқасады. Жерлестерімізге сәттілік!
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.