Дамир – Әлем чемпионы

Биыл 21-30 шілде аралығында Чехия Республикасының Пардубице қаласында Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы және Чехияның манкала федерациясының ұйымдастыруымен тоғызқұмалақтан 21 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында Әлем чемпионаты өткізілген болатын. Әлемдік додада Сырдария ауданынан Дамир Ахметов пен Ерасыл Пернебаев бақ сынады. Сонымен қатар Әлем чемпионатының күнтізбелік жоспарына сәйкес, халықаралық турнир ұйымдастырылды. Әлем чемпионатына Чехия, Оңтустік Корея, Испания, Румыния, Түркия, Австрия, Украина, Венгрия, Польша және Қазақстаннан барған спортшылар өзара шеберлік байқасты. Бұл ретте, 40-қа жуық спортшының әлеуетін төрешілер саралады. 21 жасқа дейінгі Әлем чемпионаты алғаш рет ұйымдастырылғанын ескерсек, сырдариялық спортшы Дамир Ахметов алғашқылардың бірі болып, жеңімпаз атанып отыр. Демек, Дамир тоғызқұмалақтың классика түрінен 21 жасқа дейінгі тұңғыш Әлем чемпионы саналады.
– Дамир Ахметов Сырдария ауданынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындаған төртінші спортшы саналады. Чемпионат барысында қарсыластарынан оқ бойы озық болған жас спортшы 2012 жылы №11 Сырдария аудандық олимпиадалық балалар және жасөспірімдер мектебіне қабылданып, бірнеше рет жастар, жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионы, жастар арасында Азия чемпионы, спорт шебері атанды. Ерік-жігерінің арқасында әлемдік доданы бағындырып отыр. Тоғызқұмалақтың блиц түрінен сынға түскен Ерасыл Пернебавқа сәл ғана сәттілік жетіспей қалды, – деді споршының бапкері Хәкімжан Елеусінов.
Әлем чемпионаты аясында жүзеге асқан халықаралық турнирде тоғызқұмалақтан Альфия Бабабек жеңімпаз болды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Пікір 1