Сары құрлықта сыналған чемпион
Ақжарма ауылдық мәдениет үйінде «Адал адам» мәдени-тәрбие тұжырымдамасы негізінде жүзеге асқан «Сұхбат time» жобасында грэпплингтен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Ұлту Асқар қонақ болды. Осыған дейін олимпиадалық емес спорт түрінен жеңіс тұғырынан көрінген ақжармалық ел мақтанышымен кездесуге ауыл әкімі Ерлан Ешмұратов, аудандық жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Нұржан Сейтжанов, Шаған ауылдық №12 спорт мектебінің директоры Досхан Рахманбердиев, жергілікті халық пен қонақтар қатысты.
«Сұхбат time» тізгінін ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Гүлмайра Ерланқызы ұстады. Айрықша жоба барысында жас спортшыға бірнеше сауал қойылып, тұшымды жауап алынды. Жас спортшы жаттығу залына ең алғаш 10 жасында келген. Әкенің қаны арқылы тараған спортқа деген құлшыныс айқын мақсатқа жетелей білді. Ең алғаш қазақ күресімен айналысқан Ұлту Бақытбекқызы әкесі артқан сенімді ақтады. Ол – отбасындағы 6 қыздың ішінде спортқа бейім болып өсті.
Өз кезегінде ауыл әкімі Ерлан Ешмұратов жас спортшының жетістігін жоғары бағалап, алдағы жарыс жолында жеңіске жетуіне сәттілік тіледі.
– Сыр күрішімен аты шыққан ауылымыздың мақтанышы, талантты жас спортшы Ұлту Асқар бірнеше жыл бойы ел мерейін асқақтата білді. Оның табандылығы тектілікпен тараған қасиет десек, қателеспейміз. Өз уақытында талай мықтының жауырынын жерге тигізген Бақытбек ағамыздың ізбасары мықтылығымен көпке танылуда. Біздің мақсатымыз – жүректі, білекті қызымызға лайықты құрмет көрсету екені даусыз. Қашанда өз болмысымен даралана білген жас спортшы байрақты бәсекеде жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенеміз, – деді ауыл әкімі.
Алтын құрсақты ана Роза Есетбаева қызының грэпплингпен айналысатындығын Қарағанды қаласында өткізілген ел чемпионатында жарыс жолына шыққан мезетте білген. Оған дейін үкілеген үмітінің қауіпті спортпен шұғылданатынынан бейхабар еді. Сол кезде 15 жасқа енді толған Ұлту кіл мықтының мысын басқан болатын. Осы күннен бастап бірнеше жарыс жолында ақжармалық ару жасындай жарқылдай түсті.
– Менің спортшымның талабы таудай. Әрқашан әдіс-тәсілді жетік меңгеріп, қарсыласқа сауатты қолдана алады. Бір жылдары спорттан үзіліс алғанымен, кейіннен өз бабында екенін бірнеше мәрте қарcыласқа дәлелдей түсті. Жас спортшының болашағы жарқын. Биік белесті бағындырып, алтын алқаны мойынына тағады деп сенеміз. Бүгінде Ұлту қызымыз облыс орталығында білікті бапкер Аян Түлеуовтің нұсқауымен шеберлігін шыңдауда, – дейді Нұрлыбек Нұрматаев.
«Сұхбат time» жобасын кейіпкері – Ұлту Асқар жақында Филиппин мемлекетінің Тагайтай қаласында Азия чемионатында бақ сынады. Бірнеше қарсыласты жеңіп, ақтық сында жергілікті қарсыластан жеңіліс тапты. Дегенмен қазақ қызының жолына төреші біткен тосқауыл болып, өз спортшысына бүйрек бұрады. Еш уақытта жасымаған Ұлту Бақытбекқызы алдағы уақытта өткізілетін ел және әлем чемпионатына дайындықты бастап кеткен.
– Ең алдымен, төрге оздырып құрмет көрсетіп жатқан барша ауылдасыма шынайы алғысымды айтамын! Мен таланттар шыққан өлкенің тумасы болғаныма бек қуаныштымын. Ең бірінші кезекте спортқа келуіме әкем себепкер болды. Азия чемпионатында жүлдегер атанғанымды әкемнің көрмей кеткені өкінішті. Талай мәрте жер көріп, ел асқаныммен ауылымды бір сәтке ұмытқан емеспін. Әрине, грэпплинг спорты іс-қимылы күрделі саналады. Біз күнделікті екі мәрте жаттығу жасаймыз. Сонымен қатар Астана және Алматы қаласында оқу-жаттығу өткізіп тұрамыз. Шетелдегі ең алғашқы жарысым 2021 жылы жүзеге асқан болатын. Жасөспірімдер арасында өткізілген жарыста күміс медаль еншіледім. Биыл 18 жасқа тодым. Енді ересектер арасында жеңімпаз атансам деген жоспарым бар. Менің артымда арқасүйер ауылым бар екенін сезінемін, – деді жас спортшы.
Тағылымы мол іс-шарада «Ақжарма-2» шаруа қожалығының төрағасы Марат Бисеновтің атынан спортшыға арнайы алғыс хат пен қаржылай сыйлық табысталды. Іргелі ұжымның бас агрономы Бекболат Байділдаев жас спортшыны кезекті жеңісімен құттықтап, әркез табысты болуына ақжарма тілегін жеткізді. Ал Ұлтудың анасы Роза Есетбаева мен әпкесі Ләззат Турлиева жаттықтырушылардың иығына шапан жапты. Ақжарма ауылдық ардагерлер төрағасы Құдайберген Шыманов жас спортшыға ақ батасын берді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ