ДОЙБЫ ДОДАСЫ
Мүмкіндігі шектеулі жастардың бойын серөгітіп, ой қызметін жақсартып спортқа тарту, олардың өмірге деген қызығушылығын, белсенділігін арттырады. Осындай өміршең өзекті мәселемен ауданда «Алғыр ой» коммерциялық емес жеке қор тұрақты айналысып келеді.
Жақында аталмыш қор аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен ауданның 90 жылдығына орай мүмкіндігі шектеулі жастар арасында дойбыдан аудан біріншілігін өткізді. Бұл дүбірлі жарысқа кент пен барлық ауылдардан 17 спортшы қатысты. 8 ұл, 9 қыз қатысқан дойбы додасында екі команданың өз ішінде ойындар тартысты өтті. Біріншілікке ардагер спортшы Мектепхан Елеусінов, тоғызқұмалақтан ҚР спорт шебері Кенбай Қарашаев төрешілік етті. Ақтық сайысқа шыққан ұлдардан тереңөзектіктер Бекжан Мүбаракұлы бірінші, Жандос Мұсағұлов екінші орынды жеңіп алды. Сәкендік Данил Петерс үшінші орынға тұрақтады. Қыздар арасында Сырдария агро-техникалық колледжінің студенті, шағандық Ғазиза Сейпумаликоваға тең келер жан болмады. Ол бірінші тұғырдан көрінді. Екінші орынды асқарлық Меруерт Әділханқызы, үшінші орынды колледж студенті шағандық Жібек Әбіш жеңіп алды.
Сайыс қорытындысында жеңімпаздар арнайы «Дипломдар», ақшалай сыйлықтармен марапатталса, ал сайысқа қатысушылардың барлығы «Алғыс хат» және ынталандыру сыйлыққа ие болды.
Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ
Пікір 2