РЕСПУБЛИКА БІРІНШІЛІГІНЕН КҮМІС АЛДЫ
Жастайынан ұлттық құндылықтармен рухани дүниесін байыта білген жас өмірде үлкен жетістіктерге жетеді. Бұл әсіресе, Елбасы негізін қалаған қазіргі рухани жаңғыру кезеңінде айқын көрініс табуда. Осы орайда тоғызқұмалақ ұлттық құндылықты дәріптейтін ой-сана ойыны екені көпшілікке белгілі. Ол жастардың ой-өрісін дамытуға үлкен септігін тигізуде. Математикалық есептеулерге негізделген ұлттық спорт түрі қазақтың текті халық екендігін көрсетеді.
Кент орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің және Сырдария агро-техникалық колледжінің түлегі Серікбол Молдабеков мектеп қабырғасында жүргенде тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысты. Осы үйірмеде шыңдалып, талай мәрте тоғызқұмалақ ойынының тарланы марқұм Тұрғанбай Болғанбайұлы жетекшілік еткен «Алғыр ой» коммерциялық емес жеке қордың ұйымдастырумен мүмкіндігі шектеулі жастар арасында өткізілген аудандық, облыстық біріншіліктердің жеңімпазы болды. Бұл жетістіктер Серікболды биіктерге жетеледі. Ол №36 мектеп-лицейдің 9 сыныбын бітіргеннен кейін Сырдария агро-техникалық колледжіне оқуға түсті. Мамандар ұясы саналатын арнаулы оқу орнында Қазақстан Республикасының спорт шебері Кенбай Қарашаев шәкірттерінің қатарын толықтырды. Және Серікбол алғырлығының арқасында олардың алдыңғы қатарына шықты. Сөйтіп ол аудандық, облыстық жарыстарда жеңімпаз болып, облыстық құраманың сапына қабылданды. Жақында С.Молдабеков бапкері К.Қарашаевпен бірге 6-10 сәуір аралығында Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі жастар арасында өткізілген тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысты. Дүбірлі жарыста еліміздің тоғыз облысының спортшылары бақ сынады. Сол айтулы жарыста біздің жерлесіміз Серікбол Молдабеков «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып», республика біріншілігінің күміс медалін жеңіп алды. Сонымен қатар осы жарыстың қорытындысы бойынша биылғы жылдың тамыз айында мүмкіндігі шектеулі ересектер арасында өтетін республикалық біріншілікке жолдаманы жеңіп алды.
– «Алғыр ой» баптаған шәкірттердің республикада топ жарып жатқаны көңілге үлкен қуаныш ұялатады. Серікболға қарап, оның ізбасарлары алға ұмтылып, спортқа деген қызығушылығы артады, – дейді коммерциялық емес жеке қор төрағасы Ғалымжан Болғанбаев. Иә, айтса айтқандай, Серікболдың жеңісі мүмкіндігі шектеулі жастарға ой салатыны анық. С.Молдабеков бүгінде Сырдария агро-техникалық колледжін бітіріп, осы арнаулы оқу орнында жастар тәжірибесінен өтуде.
«Қолыңа күміс қонса, алтын өзі келер» деген екен ғұлама Махмұд Қашқари, сол айтқандай, алдағы жарыстарда Серікболдан тек алтын күтеміз.

Шаhарбек НҰРСЕЙІТОВ