Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАСТАР БЕЛСЕНДІЛІКПЕН ҚАТЫСТЫ

ЖАСТАР БЕЛСЕНДІЛІКПЕН ҚАТЫСТЫ


Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Алғыр ой» коммерциялық емес жеке қордың (төрағасы Ғ.Болғанбаев) ұйымдастыруымен Сырдария спорт клубында мүмкіндігі шектеулі жас­тар арасында шахматтан аудан біріншілігі өткізілді.

Бұл дүбірлі жарысқа көптеген ауылдан жастар белсенділікпен қатысты. Оларға бекітілген әлеуметтік қызметкерлер де бірге келді. Аудан біріншілігін аудандық мүгедектер қоғамы төрағасының орынбасары Б.Жантүгелов ашып, шараның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жастардың өмірге деген қызығушылығын ояту, белсенділігін арттыру екендігін атап өтті. Жарысқа ардагер спортшы Мектепхан Елеусінов төрелік етті.
«Шахмат дегеніміз – формасы бойынша ойын, мазмұны жағынан өнер, ал ойынды меңгеру жағынан ғылым», – деп әлем чемпионы Тигран Петросян айтқандай біріншілікте озық ойлы ойын шахматқа тән барлық қасиеттер көрініс тапты.
Жарыс қорытындысында шіркейлілік Нұржігіт Кеңесов бірінші орынды жеңіп алды. Тереңөзектік Нұржан Қаратаев пен Жандос Мұсағұлов екінші, үшінші орындардан көрінді. Жеңімпаздарға арнайы диплом мен ақшалай сыйлық тапсырылса, ал барлық қатысушыға «Алғыс хат» пен ынталандыру сыйлығы берілді.

Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ
17 сәуір 2018 ж. 983 0