СПОРТ – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында ауданның 90 жылдығы мен №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің 50 жылдығы аясында аталмыш білім ұясы ұжымының ұйымдастыруымен орталық жабық спорт кешенінде кіші футбол мен дартстан аудан мектептері оқытушылары арасында турнир өткізілді.
–Сыр елі бүгінде серпінді даму үстінде. Ол өңір халқының ауызбірлігі мен ынтымағының арқасында жүзеге асырылуда. Ауданның 90 жылдығы мен мектебіміздің 50 жылдығын лайықты атап өту мақсатында ізгілікті шаралар ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі шара аудан тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, орнықтыруға арналып отыр. Спортшыларға сәттілік, табыс тілеймін,-деді Әсем Мәлікқызы. Сондай-ақ игілікті шараның ашылуында ардагер – ұстаз Б.Әбілпаттаев, аудандық білім бөлімінің бас маманы Ж.Ашықбаев құттықтау тілектерін білдірді.
Кіші футболдан өткен жарысқа халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ж.Хусайнов және ҚР спорт шебері М.Әбжаппаров төрешілік етті. Бұл спорт түрі бойынша аудан мектептерінен 7 команда өзара сынға түсті. Ақтық сайысқа шыққан командалар арасынан №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектеп оқытушылары бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынға №137 орта мектеп, үшінші орынға жарысты өткізіп жатқан №210 орта мектеп командасы тұрақтады. Кіші футбол бойынша үздіктер де анықталды. №210 мектептен Бақытжан Тәңкібаев пен №137 мектептен Нұрлан Ержанов «Үздік шабуылшы», №36 мектеп-лицейден Тимур Садақбаев «Үздік қорғаушы», №35 мектеп-лицейден Жанболат Ибадуллаев «Үздік қақпашы» атанды.
Мергендік сынау сайысы дартста тартысты өтті. Бұл спорт түріне 7 команданың әрбіреуінен 4 адамнан қатысты. Мергендік сынауда жарысты ұйымдастырушылар басымдық танытты. Сөйтіп, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды №131 мектеп, үшінші орынды №135 мектеп командалары иеленді. Дартс атудан №210 мектептен Бегалы Серікбаев, №35 мектеп-лицейден Гүлзер Жанықұлова, №135 мектептен Оксана Өтегенова үздік атанды. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне Әбілпаттаевтар отбасы, аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Марат Ерташов, балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Жасұлан Қауысов демеушілік жасады.
Спорт – денсаулық кепілі. Мектептерінің жарты ғасырлық мерейтойын осылайша тағылымды түрде атап өтіп жатқан ұжымның алда алар асулары көп болғай.
Ш.НҰРСЕЙІТОВ