Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ер есімі – ел есінде

Ер есімі – ел есінде

Ауданның 95 жылдық тарихында ел үшін аянбай қызмет еткен ерлер көп болған. Солардың бірі де бірегейі – қызмет бабында қаза тапқан бейбіт күннің батыры, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаев болатын. «Ер есімі – ел есінде» демекші, батырдың рухының құрметіне ауданның 95 жылдығы аясында республикалық турнир ұйымдастырылды. Турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен және көршілес облыстардан 200-ге жуық спортшы қатысты.

Республикалық турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Б.Сәрменбаев сөз сөйлеп, Қызылорда облысының 85 жылдығы мен Сырдария ауданының 95 жылдығына орай ауданда ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланғанын жеткізіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Ауданның 95 жылдығы аясында жауынгерлік ерлік көрсетіп, артына өшпес із қалдырған Талғат Қозыбаевты еске алу мақсатында қазақша күрестен республикалық турнир өткізілуде. Халық даналығында «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» деген нақыл бар. Қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан батыр ұлымыз, полиция аға лейтенанты, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаевтың есімі әркез жаңғырып тұрады. Бейбіт күннің батыры небәрі 25 жасында қылмыскердің қолынан қаза тапты. Ел тыныштығын қорғауда ол өз антына адал болып, қайсарлық танытты. Осы ерлігі үшін Т.Қозыбаев ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Өзі қайтыс болған Тартоғай елді мекенінде және туып өскен О.Мәлібаев ауылындағы көшелерге батыр ұлдың есімі берілді. Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің қаулысымен өзі оқыған орта мектеп Талғат Қозыбаевтың есімімен аталады. Оның ерлігі мен көрсеткен қайсарлығына біз әркез тағзым етеміз. Дана халқымыз «Ат тұяғын тай басар» дейді. Сол айтқандай, бүгінде Талғаттың ұлы Алмат құқық қорғау органында қызмет атқарып, әке ізін жалғастыруда. Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны бас­ты байлық санаған. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту мемлекетімізде стратегиялық басым бағыттардың бірі ретінде айқындалған. Спорт қай заманда болмасын адамзатты бейбітшілік пен бірлікке үндейді. Бүгінгі республикалық турнир соның лайықты жалғасы. Спорттық жарыста барлық өңірден келген спортшыларға сәттілік тілеймін және жеңіс тұғырынан көрінуге тілектестігімді білдіремін, – деді аудан басшысы.

Турнирдің ашылу салтанатында батыр ұлдың әкесі Есентай Қозыбаев және облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Шәмшәдин Әмитов сөз сөйлеп, ер есімін ұмытпай, еңбегі мен ерлігіне құрмет көрсетіп жатқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Жарысқа қатысушылар 10 салмақ дәрежесі бойынша кімнің мықты екенін анықтап, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.



Ақтөре ҚҰРМАНАЙТЕГІ
11 қараша 2023 ж. 293 0