Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл балаларына айрықша тарту

Ауыл балаларына айрықша тарту

Наурыз мерекесі қарсаңында және Айдарлы ауылының 50 жылдығына орай елді мекендегі бұрынғы балабақша ғимараты спорт залға лайықтандырылды. Осылайша ескі нысанға ішінара күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жастардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасалды. Спорт залының ашылуына орай арнайы салтанатты жиын өткізілді. Оған аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев, Айдарлы ауылының әкімі Н.Жұмабеков және ауыл жұртшылығы қатысты.

– Құт қонып, бақ дарыған Айдарлы ауылын қасиет­ті тұлғалардың алтын бесігі деп айту­ға толық негіз бар. Бүгін ауылда туып-өскен азаматтар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» игі іс жасап, көпшілікке үлгі-өнеге көрсетті. Бұл ауыл мерейтойына, ауыл балаларына айрықша тарту болды. Спорт залда еркін күрес, теннис және шахмат үйірмелері бойынша айдарлылық жастар тәрбиеленетін болады. Барлығы құтты болсын, оң болсын, – деген аудан әкімінің орынбасары игі іске мұрындық болған азаматтарды аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Спорт залының ашылу рәсімінде ауылдық арда­герлер кеңесінің төрағасы Әлімхан Баһадүров пен ауылдың жанашыр азаматы Қожахмет Мырзаев сөз сөйлеп, тілектестігін білдірді. Өз кезегінде ардагер, ауданның Құрметті азаматы Қалдыбек Айтбайұлы жинал­ғандарға және спортқа құмар жастарға ақ батасын берді. Ал аудандық мәслихат депутаты Анар Қалдыбаева нысанды жөндеуге атсалыс­қан азаматтарға шынайы ризашылығын білдір­ді.

– Ауылдан аудандық мәслихат депутаты болып сайланған уақытта сайлауалды бағдарламама спорттық нысан ашу, ауыл балаларына қолдау көрсету жұмысын қосыппын. Сол кезден бері бұл жауапкершілікті ешқашан ұмытқан емеспін. Бірақ бюджет қаражаты шектеулі, барлық ауылға жаңа нысан салуға жетпейтіні белгілі. Қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Сөйтіп жақсы бастаманы қол­ға алып, ауыл азаматтарының қолдауымен, жастар­­дың жанашырлық көмегімен ескі ғимарат­ты жөндеуді былтыр бастап, биыл аяқ­тап жатырмыз. Қазір аудандық мәдениет және спорт бөлімінің қолдауымен 55 татами әкелінді. Сонымен бірге 300 мың теңгеге татамиге төсе­летін төсеніш тіктірілді. Шахмат бөлмесіне арнайы 7 дана парта алынды. Айдарлы ауылы­ның халқы спорт залды жабдықтау үшін 169 мың теңге қаражат жинап берді. Оған 10 терезеге жалюзи тіктірілді. Едендерге арнайы төсеніштер алынған болатын. Қазіргі уақытта спорт залда 1 еркін күрес жаттықтырушысы, 1 тәрбиеші, 1 медбике, 1 еден жуушы, 1 аула сыпырушы жұмыс істеуде. Шахмат пен теннис үйірмесін №139 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері жүргізеді. Ал еркін күрестен балаларға жаттықтырушы Болат Мәмбетов дәріс береді. Ғимараттың бір бұрышы­нан қолөнер шебері Салтанат Абдраманова же­тек­шілік жасайтын тектілігі төл бойы­нан табылған асыл аналар клубы ашылды. Аудандық мә­дениет және спорт бө­лімінің басшысы Бағдат Есеновтің бас­­тамасымен алда­ғы уақытта дзюдо үйір­месін ашу жоспарлануда, – деді Анар Қалдыбаева.

Спорт залының ашылуына қатысқан мейман­­дар ауыл балаларымен пікірлесті. Әр бөл­мені аралап, атқарылған жұмысты оң баға­лады. Ауыл әкімі Н.Жұмабеков ауылдың 50 жылдық мерейтойына орай алдағы уақыт­та бірқатар мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйым­дастырылатынын айтты.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
16 наурыз 2024 ж. 119 0