Айдарлы ауылындағы игілікті іс
Қолда бар мәліметке сүйенсек, еліміздің Алматы, Қостанай, Жамбыл облысында Айдарлы деген ауылдар бар екен. Бұл тізімге Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылын қоссақ, республика бойынша Айдарлы атауын иемденген төрт елді мекен тіркелгенін аңғарамыз. Бір ерекшелігі, сол төрт елді мекеннің ішіндегі Сыр өңіріндегі Айдарлы ауылында Асанас, Қожжан Қожа, Құлбай, Қошқар, Қотыр, Айдарлы және Рәмәтіллә есімді атақты жеті әулие жерленген. Яғни құт қонып, бақ дарыған ауыл – қасиетті тұлғалардың алтын бесігі.
Апта ағымында Айдарлы ауылында туып-өскен азаматтар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» игі іс жасап, көпшілікке үлгі-өнеге көрсетті. Ауыл жастарының қуанышына аудан әкімі Руслан Рүстемов, аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов, «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркебұлан Жақып бастаған жергілікті атқарушы билік өкілдері ортақтасып, ауқымды шара ұйымдастырылды.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында өткізілген игі шара аясында елді мекенге кіреберіс маңнан ауыл жастарының демеушілігімен салынған үлкен қақпа ашылды. Мұнан бөлек айдарлылық жастар мүмкіндігі шектеулі бір азаматқа пәтер сатып алып беріп, баспана кілті салтанатты түрде табыс етілді. Сондай-ақ ауылдағы №139 орта мектеп қабырғасында білім алып жатқан 25 оқушы жаңа мектеп киімдерімен, оқуға қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді. Салтанатты шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Руслан Рүстемов айдарлылық жастардың игі ісі бірлігі бекем ауылдың берекесін арттырғанын атап өтті.
– Халқымызда «Ұлтты ұлы ету – ауылды түлетуден басталады» деген қанатты сөз бар. «Отанға деген сүйіспеншіліктің негізі – Туған жерге тағзым ету мен еңбек сіңіру» деп Елбасы айтқандай, бүгін өздерінің туған ауылына тағзым етіп, игі іс жасаған айдарлылық азаматтардың нәтижелі еңбегіне куә болып отырмыз. Бұл Айдарлы ауылы халқының бекем бірлігін, тату тірлігін білдіреді. Осы ретте, ауылдың 1970 және 2000 жылдар аралығында туған азаматтарының еңбегі ерекше екенін атап өткен жөн. «Ауыл – ұлттың ұйытқысы, қазақы тәлім-тәрбиенің қайнар бұлағы» десек, Айдарлы ауылының тарихында ауданға, облысқа, тіпті елімізге белгілі азаматтар бар. Олардың ішінде майдангер Ғафурдин Жанұзақов, «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь Революциясы» ордендерінің иегері Әлі Үсенов, орталық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңестің депутаты болған Үмітай Сырмышова, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Тұрсынбай Оспанов, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Ұзақбай Көшпанов, Қазақстан компартиясының XV съезінің делегаты болған Ниязхан Рахманқұлов, қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің 2, 3 шақырылымының депутаты Әбдіжәлел Бәкіров, облыстық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыстық мәдениет басқармасы басшысы қызметін атқарған Бибіраба Досмаханова, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Төлеген Дүйсебеков, Қазақстан Журналистер сыйлығының лауреаты, ҚР Полиграфия және баспа ісінің қайраткері Қуаныш Маханбет, «Марсель Групп» компаниясының президенті Махмуд Нәлібаев секілді тұлғалар бар. Осы тұлғалардың бүгінгі ізбасарлары да осал емес. Бұл сөзімізге дәлел ретінде ынтымақты ту еткен ауыл азаматтарының бүгінгі үлгілі ісін айтсақ болады. Осы ретте әрбір азамат өзінің кіндік қаны тамған туған ауылын, өскен ортасын дамытуға қолдан келген үлесін қосса, бұл ауданның, облыстың, елдің өркендеуіне бағытталған жұмыс болмақ. Яғни ауылын сүйген азамат елді, Отанды сүйеді. Отанға деген қызмет – ауылды түлетуден басталады. Мұндай игі істі тек елжанды, Отансүйгіш, патриот азаматтар ғана жасайды. Сол секілді айдарлылық жастардың ауылға жасаған айрықша тартуы барлық өңірдің жастары қолдайтындай игі іс, – деген аудан басшысы адал еңбекті ауылға деген құрметпен ұштастырған азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді. Сонымен бірге ауыл жастарын үлгілі іске ұйыстырған Алмат Жүсіпбековке Алғыс хат табыс етті.
Шарада ауыл жастарының демеушілігімен пәтер кілтін иемденген ауыл тұрғыны, көп балалы отбасының отағасы Жанәлі Құдайбергенұлы жанашырлық танытқан ауыл азаматтарына шынайы алғысын жеткізді. Толқып тұрғанын айтып, қуанышты күнді ешқашан ұмытпайтынын атап өтті. Сондай-ақ айтыскер ақын Мұхтар Ниязов Айдарлы ауылының көңілі кең азаматтарының ауылға деген тартуының астарында тектілік, тәрбие, адалдық жатқанын айтып, ауылдың өсіп-өркендеуіне тілектес екенін білдірді.
Ауыл қақпасының салтанатты түрде лентасы қиылғаннан кейін ғибратты ғұмыр иесі, еңбек ардагері Ниязхан Рахманқұлов жиналғандарға ақ батасын берді. Мұнан соң «Сәдуәқас молда» мешітінде құдайы ас берілді. Аста ауыл имамы Айтуған қажы Сақтапов қасиетті Құран Кәрімнен аяттар оқыса, ардагер Бекалы Ақжігітов бата берді.
Сондай-ақ бұл күні ауыл жастары көкпар тартып, ұлттық спорттың көрігін қыздырды. Кешке облысқа белгілі эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылды. Осылайша, Айдарлы ауылының жастарының туған жерге тағзым ретінде жасаған игі істері жоғары деңгейде қорытындыланды.
А.ҚҰРМАНАЕВ