Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел ерін, ер елін қолдады

Ел ерін, ер елін қолдады

«Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүр­леріне ай­рықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы пат­риотизмнің маңызды көріністерінің бірі». Бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында шалғайда жүрсе де туған жерге туын тігіп жүрген азаматтарды қолдап айтқан сөзі еді. Елу жылға жуық тарихы бар Айдарлы ауылынан түлеп ұшқан түлектер еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүрсе де кіндік қаны тамып, туып-өскен жеріне әркез жанашырлық танытып келеді. Оларға ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында құрмет көрсетілді.

Айдарлы ауылындағы Ғ.Жанұзақов атындағы мәдениет үйінде «Тәуелсіздік деп соғады жүрегім» атты салтанатты мерекелік кеш өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев, аудандық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлы, аудандық мәдениет үйінің директоры Н.Көшербаев, еліміздің әр өңірінен жиналған ауыл түлектері қатысты.
Салтанатты іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев жиналған­дарды мерейлі мерекемен құттықтады.

– Ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жеткеніне мерейлі 30 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың бағындырған белестері орасан. Тұғыры – тыныштық, тірегі – тұрақтылық, тілегі – татулыққа негізделген қазақ елін бүгінде әлем бейбітшілік бесігі деп мойындайды. Сондықтан Тәуелсіздік – әрбір қазақстандық үшін баға жетпес байлығы. Баршаңызды мерейлі мерекемен құттықтаймын, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Сөз кезегінде ауыл әкімі А.Ержанов та егемендік елдің бойтұмары екенін атап, мерекелік құттықтауын жеткізді. Ауылдың дамуына атсалысып жүрген түлектерге ризашылығын жеткізді. Құттықтаулардан соң 30 жылдық тарихы бар «Айдарлы» халық театрының режиссері Рахия Әбдікәрімова «Еңбек даңқы» төсбелгісімен және сала мамандары, ауыл азаматтары мен әралуан салада жемісті еңбек етіп жүрген ауыл түлектері аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Айта кету керек, биыл Айдарлы ауылы үшін жемісті жылдардың бірі. Өйт­кені, ел үшін еткен елеулі еңбегімен қоғамға үлгі болып, ауданның әлеу­меттік-экономикалық дамуына үлес қосқан ауыл азаматтары белгілі меценат Махмұт Нәлібаев және ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Айдарлы» халық театрының халықтық атақ алуына ерекше еңбегі бар Қалдыбек Айтбаев «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды. Айдарлылықтар ауыл азаматтарын әркез мақтаныш санайды.

Мерекелік іс-шарада топырағына тектілік тұнған тамырлы өлке Айдарлы ауылының бүгінгі мәдени жетістіктері мен өнер өлкесіндегі мақтаныштары туралы бейнеролик назарға ұсынылды. Одан соң «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының өрендері өнерлерін көрсетті. Домбырамен күй күмбірле­тіп, әуелете ән шырқады, би де биледі.

Тағылымы мол кеште ауыл түлектері Нұрлыбек Сейілханов пен Гүлбану Ысқақова ауыл әкімдігі мен ауылдық мәденеит үйінің мұрындық болуымен айтулы іс-шара өтіп жатқанын айтты. Егемендік жылдарында Айдарлы елді мекенінде көптеген оң өзгерістер бар екенін атап, ауылдың өсіп-өркендеуіне әркез ынталы екендерін жеткізді. Өздерінің шынайы ризашылықтарын білдіріп, ауылдық мәдениет үйі, мектеп және балабақшаға арнайы сыйлықтарын та­быс етті. Отандық өнімді дамытып жүрген кәсіпкер Жанар Рсымбетова «Сұлу-ай» әжелер ансамбліне сый-сыяпат көрсетті. Өз кезегінде әжелер ансамблі Әуезхан Рахманқұловтың сөзіне жазылған «Айдарлым» әнін орындады. Мерекелік кешке жиналғандар бұл әнді қосыла шырқады. Ал іс-шара қорытындысында «Тәуелсіздік бүлдіршіндері» балалар хоры «Тәуелсіздік – ел ұраны» патриоттық әнін орындады.

Жалпы, ел ерін, ері елін қолдаса, егемендің тұғыры мәңгі болары хақ. Бұл жолда ауыл мақтаныштарының басын қосып, туған жердің түлеуіне ерекше іс-шара өткізген айдарлылықтарды үлгі етуге болады.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
14 желтоқсан 2021 ж. 355 0