«Спорт клубы» пайдалануға берілді

– Сіздерді Сырдария ауданының 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Айтулы мереке аясында біз қайта жаңғыртудан өткен спорт клубы ғимаратын ел игілігіне бергелі отырмыз.
Ата-бабамыздың «Бірінші байлық – денсаулық» деп сан ғасыр бұрын айтып кеткен сөзі бүгінде маңызын жойған жоқ. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында ұлт денсаулығына жете мән беріп, көпшіліктің тұрақты спортпен шұғылдануына барлық жағдайды жасауды міндеттеді. Осы ретте, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен ауданда спорт саласын дамытуға зор көңіл бөлініп, заман талабына сай спорт алаңдары, стадиондар, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынуда. Осының негізінде тұрғындардың спортпен шұғылдануына аса мән берілуде. Толық күрделі жөндеуден өткен спорт клубы – осы жұмыстардың нақты дәлелі деуге болады. Жалпы, бүгінгі таңда аудан халқының 38 пайызы жүйелі түрде спортпен айналысады. Облыс әкімінің тапсырмасымен демеушілік есебінен 6 ойын алаңы салынды. Биыл спорт клубы ғимаратын күрделі жөндеумен қатар, Бесарық ауылында спорт кешені бой көтеруде. Ауданның 95 жылдық мерейтойында сырдариялық спортшылар жақсы жетістіктерге жетуде. Сала жұмысын жандандыру үшін алдағы уақытта да ауқымды жұмыстар атқарылады. Жаңарған спорт клубы жастардың арманына қанат бітіріп, ел абыройын асқақтатар даңқты спортшыларды тәрбиелеуге мол септігін тигізеді деп сенемін, – деді аудан әкімі.

Жөндеуден өткен нысанның ашылуына орай еңбек ардагерлері М.Сақтапов пен С.Тоқсанбаев спортшыларға ақ батасын берді.
Ақтөре ҚҰРМАНАЙТЕГІ