Республикалық турнирдің жеңімпазы
Қызылорда қаласында дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің арасында Президенттік көпсайыстан республикалық турнир ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгілі болды.
Аталған турнирде Аманкелді ауылындағы №42 Қуаныш Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәнінің жас мұғалімі Қызылбай Бекзат Шахмарданұлы І орынға ие болып, «Білім нұры» журналының редакция алқасының шешімімен «Үздік жас маман» төсбелгісімен марапатталды. Осыған орай ауыл әкімі Мейрамбек Нұрғалиев ауыл мектебінде жұмыс істейтін жас маманды ауыл әкімдігі атынан құттықтап, шығармашылық сәттілік тіледі.
«Республикалық турнирде жеңімпаз атануыңызбен ауыл халқының атынан шын жүректен құттықтаймыз. Алдағы уақытта да аламан бәйгелерде топ жарып, жеңіс тұғырынан көріне беруіңізге сенім білдіреміз. Ауылымызда денешынықтыру және спортты дамытуға бағытталған жауапты да игілікті ісіңізге толағай табыс, деніңізге саулық, отбасыңызға аманшылық тілейміз. Ел ертеңі саналатын жас өрендерді спортқа баулып, әрдайым талаптың төрінен, жеңістің тұғырынан көріне беріңіздер» деді ауыл әкімі.
Жас маман бұл жетістігін өзінің ғана емес, педагогикалық ұжымның ортақ жеңісі санайды.
– Халықаралық байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген белгілі спортшылар ауылдан шыққан. Мен де спортпен тұрақты шұғылданып, ауыл балаларын баулып келемін. Қазір ауылда жастардың спортпен тұрақты шұғылдануы үшін жағдай жасалған. Соның нәтижесінде, жастар спортты жанына серік етіп, түрлі жарыстың жүлдегері атануда, – дейді «Үздік жас маман» төсбелгісінің иегері Б.Қызылбай.
Аманкелді ауылының әкімдігі