Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлағатты ұстаз Базарбай Құланбековты еске алды

Ұлағатты ұстаз Базарбай Құланбековты еске алды

Аманкелді ауылындағы №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейінде ақын, сазгер, республикалық «Жігіт сұлтаны» сайысының жүлдегері, «Үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі», ұлағатты ұстаз Базарбай Құланбековты еске алу кеші өтті.

Ауыл әкімі Мейрамбек Нұрғалиев спорт пен білім саласына ерекше еңбек сіңірген белгілі ақын, сазгер Базарбай Сақтанұлын еске алуға арналған іс-шараға қатысып, ұлағатты ұстаздың ұмытылмайтынын жеткізді.

Базарбай Сақтанұлы елді мекеннің спорт пен білім саласының өсіп-өркендеуіне, әзіл-ысқақ жанрына, ауылдың ауызбірлігін нығайтуға үлес қосқан, мол ұйымдастырушылық қабілеті бар ұлағатты ұстаз болды. Аманкелді ауылында ашылған қазақ күрес үйірмесінің жетекшісі, жастар ісі жөніндегі маманы, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қызметтерінде абырой биігінен көріне білді.

Аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподағы қолдауымен, мектеп-лицей ұжымының ұйымдастыруымен өткен еске алуға арналған іс-шара аясында аймақтық волейбол сайысы мен қазақ күресінен турнир жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар тыңғылықты дайындықпен келіп, жас қазақ күресіне қатысушылар мен Бесарық, Қоғалыкөл, Айдарлы, Жетікөл ауылдық округтерінен келген командалар көрермендерге тартысты сайыс көрсетті. Нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, мықтылар іріктелді.

Марқұмның әруағына құран бағышталып, түскі мезгілде арнайы ас берілді.

Аталған іс-шарада қаламгер шығармашылығына арналып еске алу кеші ұйымдастырылып, мектеп-лицей оқушылары ақынның өлеңдерін оқып, шәкірттері ұстазына жыр арнап, сазгердің өмірбаянын арқау еткен видеокөрсетілім ұсынылды.

Мәні де маңызы да жоғары кеште мектеп-лицей директоры Зейнұр Жаманқұлов, Базарбай Сақтанұлының жұбайы мен жақындары, бірге қызмет жасаған әріптестері, бірге оқыған құрдастары сөз алып, Базарбай Сақтанұлының ғұмырлық еңбек жолында адамгершіліктің үлгісі болып, парасат пен пайым тереңдігін, мінез байлығы мен жүрек мейірімін өз ортасына, жан-жағына өнеге еткен арда азаматтың шығармашылық өмір жолына тоқталып, естеліктерімен бөлісті.

Еске алу іс-шарасының соңында қазақ күресі мен волейбол сайыстарының жеңімпаздары марапатталып, диплом және қомақты қаржылай сыйлықтарға ие болды.
17 сәуір 2022 ж. 367 0