Спортшыларға құрмет көрсетті
Спорт саласындағы әрбір жетістік елдің мерейін асырады. Сондықтан саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданатын жандарға көпшілік зор сенім артады. Сол сенім үдесінен шыққан спортшыға көрсетілетін құрмет ерекше.
Биылғы жылдың 20-31 тамыз күндері Ақтау қаласында Президенттік көпсайыстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды спортшылар жиналып, бақ сынаған болатын. Байрақты бәсекеге ауданның спортшылары да қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтқанда, ерлі-зайыпты Мұрат Бөдеев пен Гүлмайра Сүлеймен Президенттік көпсайысқа қатысып, нәтижесінде сырдариялық спортшы Мұрат Бөдеев жеңімпаз атанды.
Ел біріншілігінде жеңімпаз атанған ерлі-зайыпты Мұрат Бөдеев пен Гүлмайра Сүлейменді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қабылдап, жеңістерімен құттықтап, құрмет көрсетті. Аудан басшысы ауданда спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын атады.
– Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында спорт саласын дамытып, халықтың денсаулығын нығайту үшін арнайы спорт орталықтарын ашу қажеттілігін атап өтті. Сол арқылы саламатты өмір салтын қалыптастырып, дені сау ұлт қалыптасады. Осы ретте, ауданда спортты өркендетуге тың серпін қажет. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, сала жұмысын жандандыратын боламыз. Ал байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген жерлестерімізге әркез құрметіміз мол. Сондықтан ел чемпионатындағы жеңістеріңізбен құттықтаймын, – деді аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы.
Құттықтаудан кейін аудан басшысы спортшыларға арнайы «Алғыс хат» табыс етіп, сый-құрмет көрсетті. Оларға алдағы уақытта да аламан бәйгелерде топ жарып, жеңіс тұғырынан көріне берулеріне сенім білдірді.
Өз кезегінде жарыс жеңімпазы М.Бөдеев өзінің ризашылығын жеткізді.
Айта кету керек, спортшыларды қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, Қалжан ахун ауылының әкімі Нұрлан Қарсақбаев, №126 орта мектеп директоры Мұрат Төлегенов және БАҚ өкілдері қатысты.
Қалжан ахун ауылдық округі әкімі аппараты