Чемпионат жүлдегері атанды
Жақында Талдықорған қаласында индорхоккейден 2006-2007 жылғы жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты өтті. Чемпионатқа ауданнан «Тереңөзек» командасы қатысып, жүлделі үшінші орын алды.
Ауданның намысын қорғаған спортшы қыздар республиканың түкпір-түкпірінен келген 7 команда арасында бақ сынады. Тереңөзектік команда додалы бәсекеде мықты командалармен сайысқа түсті. Сырдариялық спортшылар Қарабұлақ пен Алматы облысы командаларына есе жіберді.
– Сырдариялық сайыпқыран спортшылардың арасында көгалдағы хоккей мен индорхоккейдің алатын орны ерекше. Ауданда көгалдағы хоккей мен индорхоккейден ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сұлтанбек Қобландин негізін қалаған спорттың бұл түрімен спорт мектебінде 40 жасөспірімді жаттықтырамын. Жас команданы әрдайым қолдап келетін Сұлтанбек Ибрагимұлына, спорт мектебінің басшылығына алғысымыз мол. Жыл сайын ел чемпионатына қатысуға жағдай жасап, спортшыларға қамқорлық көрсетуде. Өткен жылы команда ел чемпионы атанып, 6 спортшы спорт шебері атағын алды. Биыл да жылды жаман бастаған жоқпыз. Алда талай жарыстар бар. Жеңісті қолдан бермейміз, – дейді команда жаттықтырушысы, ҚР спорт шебері, Шынар Ақназарова.
Спортшы қыздарды жеңіске жігерлендіріп жүрген жаттықтырушымен қатар команда капитанының еңбегі зор. Команда капитаны Ұлболсын Жеткергенованың айтуынша, индорхоккейдің көгалдағы хоккейден ерекшелігі оның жабық спорт алаңында өтетіндігінде және спортшылардың санында. Сонымен қатар ережесінде, доп таяқта да өзіндік ерекшелігі бар. Дегенмен түбірінде спорттың бір түрінен тарайтын индорхоккейге қызығушылық танытатындар және кәсіби тұрғыда шұғылданушылардың қатары ауданда жыл сайын артып келетіні қуантады.
Бибісара ЖАНӘЛІ