Жаттықтырушыларға – құрмет, спортшыларға – қолдау
Жақында ауданымызда ережесіз жекпе-жек спортының бір түрі – панкратионнан облыстық біріншілік өтті. 250-ге жуық спортшы бақ сынаған бәсекеге жасөспірімдер, жастар және ересектер қатысты.
Жарыстың ауданда ұйымдастырылуына панкратионнан чемпиондарды дайындап, аудан абыройын асқақтатып жүрген тәжірибелі жаттықтырушы Иса Әкімжанов ұйытқы болған. Оның айтуынша, спорттың бұл түрі қазір қарқынды түрде дамып келеді. Панкратион спортының талаптарын меңгеруге қызығушылық танытатын жастардың қатары да күн санап артуда. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын азаматтың бұл сөзінің жаны бар секілді. Өйткені өзіміз де спортшылардың бәсекесін тамашалап, олардың жеңіске деген ерекше құлшынысын аңғардық.
Облыстық біріншілікке құрметті қонақ ретінде қатысқан облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов жарысты ұйымдастырушы әрі әділ өтуін бақылаушы жаттықтырушыларға аудан атынан құрмет көрсетті. Аға жаттықтырушы Арман Мәділхановтың иығына қазақы дәстүрмен шапан жауып, атқарып жатқан жұмысына сәттілік тіледі.
– Спорт – елдің абыройын, мерей-мәртебесін асқақтататын бірден-бір сала. Ауданымызда облыстың ғана емес, Қазақстанның намысын қорғап жүрген айтулы спортшылар көп. Бүгінде олардың бәрі жастар үшін үлгі-өнеге. Тереңөзектен түлеп-ұшып, сонау Қарағанды шаһарында жалынды жастық шағымыз бірге өткен Иса Әкімжановтің аудан жастарын қайратты, жігерлі, мықты болуға баулып келе жатқанын білеміз.Панкратионнан сынға түсіп жатқан жастардың жеңіске деген құлшынысына риза болдым. Көздерінде от, кеуделерінде жалын бар екен. Аудан азаматтарының атынан ризашылығымды білдіріп, спортқа құштар жастарды тәрбиелеп, баулып жүрген жігіттерге алғыс айтамын, – деді Расул Әбутәліпұлы.
Біріншілік жеңімпаздары панкратионнан наурыз айында Шымкент қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына жолдама алды. Осы ретте тереңөзектік спортшыларды Иса Әкімжанов, Бағлан Мығымбаев, Данияр Жүсіпбаев, Дастан Кеңесов, Мақсат Мұхамедқалиев, Нұрлыбек Нұрматаев дайындағанын атап өткеніміз жөн.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ