Ардагерлер алғысы
Газетіміздің электронды поштасына тереңөзек кенті ардагерлерінің атынан хат келіп түсті. Хатта облыстық мәслихат депутаты, «Углесбыт» ЖШС директоры Расул Есеновке аудан ардагерлеріне қайырылымдылық көмек пен құрмет көрсеткені үшін алғыс айтылған екен. Осыған орай кент ардагерлерінің төрағасы Муса Келдібаевпен аз-кем пікірлескен болатынбыз.
Өмірлерінің ең қымбат кезеңін ауданның өсіп-өркендеуіне арнаған сырдариялық еңбек ардагерлері қоғамның тыныс-тіршілігіне белсене атсалысып келеді. Олар мерзімді басылымдар арқылы да өз ойларын білдіріп, жас мамандарға бағыт-бағдар беруден жалыққан емес. Сонымен бірге ардагерлер – облыстың дамуынан сыр шертетін газет-журналдың тұрақты оқырманы. Осы ретте облыстық мәслихат депутаты, «Углесбыт» ЖШС директоры Расул Есенов аудан ардагерлерін республикалық «Ардагер айнасы», аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне тегін жаздырып, зейнеткерлердің мекен жайына басылымдардың тұрақты түрде баруына жағдай жасап келеді.
– Әр алты ай сайын баспасөзге жазылу науқаны келетіні белгілі. Бұрын өзіміз оқитын газетке өз қаражатымыз есебінен жазылатынбыз. Соңғы жылдары облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов 60-қа жуық тереңөзектік ардагерге республикалық және аудандық басылымды тегін жаздырып беріп келеді. Бұл біз үшін зор құрмет екені анық. Сондықтан халық қалаулысына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Муса Алпысбайұлы.
Қаржылай қолдау көрсету негізінде басылымға ардагерлерді тегін жазу біріншіден зейнеткерлерге көрсетілген құрмет болса, екіншіден газет таралымын арттыруға қосылған үлес. Аудандық газет таралымының былтырғымен салыстырғанда артуында да кәсіпкер азаматтардың еңбегі бар екенін атап өтуіміз керек. Сондықтан аудан ардагерлерімен бірге біз де өз алғысымызды білдіреміз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ