Аудан спортшыларына құрмет көрсетілді

Жақында спорт саласында айтарлықтай жетістікке жетіп жүрген спортшыларға құрмет көрсетілді. Аудан орталығындағы спорт кешенінде аталған салаға еңбегі сіңген және тұрақты спортпен шұғылданып жүрген жандар арнайы төсбелгімен марапатталды. Марапаттау рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев құттықтау сөз сөйледі.
– Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев «Сіздер мен біздер жасаған нәрсенің бәрі әрбір жеке адамның еңбегінен құралады» деген болатын. Барлығымыз марапат алу үшін емес, өзіміздің күнделікті ісімізді атқарамыз. Өзіміз үшін спортпен шұғылданамыз. Адам сүйікті ісіне жан-тәнімен беріліп, оған өзінің барлық күш-жігерін жұмсаған кезде сый-құрметке бөленеді. Сондықтан спорт саласында жемісті еңбек етіп жүрген жандарға құрметіміз мол, – деген аудан әкімінің орынбасары спортшыларды аудан әкімі Р.Рүстемовтің құттықтау хатымен марапаттады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы тестілерін және ұлттық дайындық деңгейінің нормативтерін орындағаны үшін аудан спортшыларына айырым белгісі бар төсбелгіні табыс етті.
Е.БЕРКІНБАЕВ