Ақын ауылында ағайындылар топ жарды
Тәуелсіздік күнін асқарлықтар лайықты атап өтті. Ауыл әкімдігі мен «А.Тоқмағамбетов ЛТД» ЖШС ұйымдастыруымен ардагерлер бөлмесінде бильярдтан ауылдық турнир өткізілді.
Бильярд – спорттың төресі. Есік пен төрдей үстел алаңын кәнігі аңшыдай бірнеше мәрте айналып жүріп, қарауылға ыңғайлы шарды іздейсің, дәл көздеп сәтті ұрсаң, олжалы боласың. Осындай тамаша сәттер ойын барысында қайталана береді. Бұл спорт түрі адамға сергектік сыйлайды. Сондықтан мерекелерде кент пен А.Тоқмағамбетов ауылы ардагерлері арасында бильярдтан жарыс ұйымдастырып тұрады. Осы жолғы додаға Асқар ауылынан 16 ардагер спортшы қатысты. Іскер басшы Меңдіғали Есжанов жетекшілік ететін «А.Тоқмағамбетов ЛТД» ЖШС белгілеген ақшалай жүлде де қомақты болды. Сонымен қатар шаруашылық ардагер спортшыларға мерекелік дастархан жайды.
Біріншіліктің ашылуында ауыл әкімі Ғ.Алданазаров пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы П.Әлиакбаров көпшілікті мерекемен құттықтап, спортшыларға жеңіс тіледі. Шаруашылық демеушілігімен қыздың жасауындай жаңғырған су жаңа бильярд үстелінде тартысты ойын өрбіді. Біріншілікке қатысқан 16 ардагерден 8-і жеңіске жетіп, жартылай ақтық кезеңге жолдама алды. Одан 4 спортшы ақтық кезеңде кездесті. Бірінші және екінші орынды ойын барысында шеберлік танытқан ағайынды Серік және Сағымбай Қошқаровтар жеңіп алды. Үшінші орынды Мәді Әбілхайыр, төртінші орынды Мәлік Оспанов иеленді. Барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ