Парасат пайымы биік азамат
Қазақтың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов «Бильярд – ақсүйектер ойыны» деген екен. Қарымды қаламгерден асырып не айта аламыз?! Осыған қарап спорт төресін мықты адамдар ойнайды деп топшылауға болады. Біздің ауданда ардагерлердің сүйікті спорты – осы бильярд. Аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің 80 жылдығы аясында аудандық ардагерлер кеңесі мен редакция ұжымының ұйымдастыруымен кент пен Асқар ауылы ардагерлері арасында бильярдтан турнир өтті. Игілікті шара аудандық газетті 14 жыл басқарған парасат пайымы биік азамат Абызбай Маханбетовты еске алуға арналды.
Турнирдің Асқар ауылында өткізілуінің де өзіндік мәні бар. Өйткені Абызбай Маханбетов осы елді мекенде 1933 жылы дүниеге келген. Осындағы 8 жылдық мектепті бітіргеннен кейін аудан орталығы Тереңөзекте 10 жылдықты күміс медальмен аяқтайды. Мұнан соң Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтының тіл-әдебиеті факультетін үздік дипломмен бітіреді. Ауыл мектептерінде мұғалім болып еңбек етті. 1965-1978 жылдары аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, 1978-1992 жылдары аудандық «Еңбек туы» газетінің редакторы қызметін атқарды. «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «Ерен еңбегі үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «Еңбек ардагері» және «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 40, 50, 60 жыл» медалімен марапатталған. Ол «Сырдария ауданының Құрметті азаматы». Қарымды қаламгер 2018 жылы 85 жасында қайтпас сапарға аттанды.
Туринирді ауыл әкімі Ғ.Алданазаров пен игі шараның демеушісі «Асқар Тоқмағанбетов ЛТД» ЖШС директоры М.Есжанов құттықтау сөзбен ашты. Осы ретте аудан бойынша жақсы жабдықталған бильярд бөлмесінің Асқар ауылында орналсқанын айтуға тиіспіз. Оны шаруашылық басшысы ардагерлер бөлмесіне арнайы жабдықтатқан. Сондықтан бильярд өтетін үлкен турнирлер осы ауылда ұйымдастырылады.
А.Маханбетов атындағы турнирдің ашылуында ол кісімен қызметтес болған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы жарқын естеліктер айтты.
– Әбекең жұмысына ыждағатты, білімпаз, парасат-пайымы биік азамат еді. Аудандық партия комитетінде бірге қызмет жасадық, әрі көрші тұрдық. Отбасымызбен араласып, тумасақ та туғандай болып кеттік. Әбекең абзал аға, жады мықты, ыждағатты, әділ, тәртіпті басшы еді, – деді Х.Әбенұлы.
Аудандық газеттің бас редакторы С.Ерімбет жергілікті басылымның 80 жылдығы аясында өткізіліп жатқан Абызбай Маханбетов атындағы турнирдің маңыздылығына тоқталып, ардагер спортшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ игі шарада Абызбай ағаның ұрпақтары атынан Нұрбол Абызбаев сөз сөйледі. Турнирді ұйымдастырушыларға жүрекжарды алғысын жеткізді.
Турнирдің төрешісі ардагер-спортшы М.Елеусінов жеребе арқылы кімнің кіммен кездесетінін белгіледі. Бұл жарысқа кент ардагерлері арасынан іріктелген 10 ойыншы барды. Олар сексеннің сеңгіріне шыққан Сергей Тоқсанбаев, Төлеу Сүлейменов, Марат Сақтапов, олардың ізін басып жүрген Үсейін Сүлейменов, Абылай Әшірбеков, Әнуар Қарсақбаев, Мырзалы Орынбаев, тағы басқалардың болуы турнирдің шын мәнінде ардагерлердікі екендігін көрсетті. Сондай-ақ Асқар ауылынан жарысқа Бақтияр Наурызбаев, Серік Қошқаров, Шаймахан Асанов, Алмағазы Абдуллаев тәрізді шебер ойыншылар қатысты.
Турнир басталар алдында А.Маханбетовтың ұл-қыздары баспасөз ардагері С.Тоқсанбаевқа шапан жауып, құрмет көрсетті. Ардагерлер арасындағы спорт бәсекесі күн ұзағына созылды. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей 4 ардагер ақтық сайысқа шықты. Олар тереңөзектік Марат Сақтапов, Төлеу Сүлейменов, Абылай Әшірбеков және асқарлық Серік Қошқаров. Тартысты бәсекеде Абылай Әшірбеков үздік өнер көрсетіп, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Төлеу Сүлейменов қанжығасына байласа, асқарлық Серік Қошқаров үшінші тұғырдан көрінді. Төртінші орынды Марат Сақтапов иеленді. Турнирде үздік шыққандарға А.Маханбетов ұрпақтары белгілеген арнайы жүлделер тапсырылды. Ардагер спортшыларға ауылдық мешіт асханасында шаруашылық түскі ас ұйымдастырды.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ