Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БЮДЖЕТКЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНДІ

БЮДЖЕТКЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНДІ


Желтоқсанның 8-і күні аудандық мәслихатта кезектен тыс 16 сессия өтті. Алдымен тұрақты комиссия мен «Нұр Отан» партиясы фракциясының бірлескен отырысында сессияның күн тәртібіне ұсынылған мәселелер талқыланды. Сессия жұмысына аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова, мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «2017-2019 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» аудандық мәслихаттың 2016 жылғы 22 желтоқсандағы №79 шешіміне өзгерістер енгізу туралы аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы М.Жүсіпбекова хабарлама жасады.
– Республикалық бюджет қаржысы есебінен аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне 801004 теңге «Жұмыспен қамту бағдарламасы» бойынша республикалық бюджет есебінен нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде 15684 мың теңге ағымдағы нысаналы трансферт бөлінді, оның ішінде жалақыны ішінара субсидиялауға 368,0 мың теңге, жастар практикасына 15316,0 мың теңге, 801025 «Өрлеу» жобасы бойынша келісілген қаржылай көмекті енгізу» бағдарламасы бойынша 463,0 мың теңге бөлінді, -деді бөлім басшысы М.Байділдәқызы.
Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Бахтияровтың «Сот шешімімен коммуналдық меншікке түскен болып танылған иесіз қалдықтарды басқару қағидаларын бекіту туралы» хабарламасы тыңдалды. Жалпы ережелері мен басқару тәртібін атап өткен хабарламашы қалдықтарды кәдеге жарату және жою бойынша көрсетілетін қызметтерді жеткізушіні таңдау ҚР-ң мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүргізілетінін айтты. Және қалдықтармен жұмыс істеу барысында ҚР-ң экологиялық заңнамасында көзделген талаптар сақталатынын хабарлады.
Тұрақты комиссия отырысында ауданның ономастика мәселесі бойынша жұмысшы тобының төрағасы Б.Өтегенова кент көшелеріне атау беру және қайта атау туралы ұсыныстарын хабарлады. Тереңөзек кентіндегі жаңа қоныстану аймағындағы орналасқан көшелерді Ұлы Отан соғысының ардагері Бекжанов Қожанбай, еңбек ардагерлері Оспанов Қойшыбай, Тыныштықбаев Елтай есімдерін атау, кенттегі Жамбыл тұйығын Шортанбай Ерубайұлы, Ақтам көшесінің «Айтбай арық» каналы ман Т.Қозыбаев тұйығы аралығындағы бөлігін Сырғабаев Арғынбай есімдерімен қайта атау туралы ұсыныстар айтылды. Жұмыс тобының ономастикалық комиссиясының қарауына ұсынылғандар туралы толық мәлімет берді.
Комиссия жұмысының қарауына ұсынылған «Н.Ілиясов, А.Тоқмағанбетов, Бесарық, Айдарлы елді-мекендерінің даму схемаларын бекіту туралы» аудандық мәслихаттың 2009 жылғы 23 желтоқсандағы кезекті ХVIII сессиясының №203 шешіміне өзгеріс енгізу туралы аудандық қала құрылысы және сәулет бөлімінің басшысы Н.Бисембаев хабарлама жасады. Бөлім басшысы Бесарық елді мекенінің даму сызбасына түзетулер енгізу жобасына түсіндірме берді. Елді-мекенде 2330 адам тұрады. Шекарасы 438 га, жоба бойынша 207 га қосылады. Тұрғындар санының өсуі негізінен табиғи өсімге байланысты қарастырылып, 2025 жылға қарай халық саны 4782-ні құрайтыны болжануда. Елді-мекеннің жаңа жоспары бойынша әкімшілік-қоғамдық нысандар, сауда кешендері, өрт сөндіру бөлімі, балалар ойын алаңы, коммерциялық бағыттағы нысандар орналасады.
Сессия жұмысына жалғасқан отырыста ұсынылған мәселелер бойынша қаулы жобалары таныстырылып, депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Б.ЖАНӘЛІ
14 желтоқсан 2017 ж. 1 354 0