Алғашқы отырыста бес мәселе қаралды
Өткен аптада мекемелер үйінің мәжіліс залында Сырдария аудандық Қоғамдық кеңесінің 2024 жылғы алғашқы отырысы өткізілген болатын. Келелі жиынға кеңес мүшелері, тиісті бөлім, мекеме басшылары мен арнайы шақырылғандар қатысты.
Незінен, күн тәртібінде бес мәселе қаралды. Бірінші мәселе – «Сырдария ауданы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесін бекіту туралы» Сырдария ауданы әкімдігінің 2022 жылғы 26 қыркүйектегі №274 қаулысына өзгерістер енгізу туралы болып, аудан әкімі аппаратының персоналды басқару (кадр қызметі) бөлімінің басшысы Мұрат Жәмиев хабарлама жасады. Сонымен қатар екінші мәселе – «2024 жылға Сырдария ауданының ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Айнұр Есмағанбетова баяндама жасады.
Ал үшінші мәселенің ауқымы ерекше. Яғни, «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды, олардың пайдалану тәртібі мен шекті толу нормаларын, материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды, сондай-ақ пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекараларын айқындау туралы» аудандық мәслихаттың №414 шешіміне өзгерістер енгізу жөнінде аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Бейбіт Смайлов баяндады. Сондай-ақ «Cырдария ауданында коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсыну қағидаларын бекіту туралы» Сырдария ауданы әкімдігінің 2022 жылғы 10 қаңтардағы №3 Қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрлан Байкен хабарлады. Кеңес мүшелерінің назарына ұсынылған соңғы мәселе Сырдария ауданында тұрғын үй көмегiн көрсетудің тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы болып, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақсұт Қаратаев өзгерістерді түсіндірді.
– Жаңа жылдан кейін алғаш бас қосып отырған кеңес мүшелері бірнеше мәселеге назар аударды. Шын мәнінде, ауқымы зор кейбір дүниелер халық игілігі үшін жасалған. Мәселен Тереңөзек кенті мен ауылдарға қызметке келген жастарға тұрғын үй алу үшін берілетін қаражат көлемі ұлғайтылғаны қуантады. Сонымен қатар бейбіт жиындардың өткізу тәртібі Заң шеңберінде жүзеге асатындығына көз жеткіздік. Әрине, кеңес мүшелері ел-халықтың көкейінде жүрген түйткілді дүниелерге талқылау алаңында өзіндік көзқарастарын жеткізуге мүдделі, – деді Сырдария аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Маратбек Еспенбетов.
Күн тәртібіндегі мәселелер талқыланып, кеңес мүшелерінің ұсыныс-пікірі ескеріліп, маңызды мәселелер мақұлданды.
«Тт» ақпарат