Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Төртінші басымдық: Өңірлік саясатты жетілдіру

Төртінші басымдық: Өңірлік саясатты жетілдіру

Билік бұқараға барын­ша жа­­­­­­­­­қын болуы керек. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы­ның бас­ты негізі. Осыны басшылық­­­қа алған Президент «Халық бірлі­гі және жүйелі реформалар – ел өр­кендеуінің берік негізі» атты жаңа Жолдауында бұған айрық­ша тоқталды.

Халқымыз «Әкім бол, халқыңа жақын бол» дейді. Мұның астарында елдің жүгін көтеріп жүрген әкімнің елдік мүдде жолында халықпен етене байланыс орнату керектігі бар. Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын осыған қарап бағалауды атап айтты. «Барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын бағалау тәсілін оңтайландыру керек. Осыған орай, тәуелсіз әлеуметтік сауалнама жүргізудің маңызы зор. Бұл тәсіл арқылы билік органдары жұмысының сапасына тұрғындардың көзқарасы туралы шынайы мәлімет алуға болады. Формальды есептерден гөрі сауалнамадан халықтың көңіл-күйі анық аңғарылады. Президент Әкімшілігі осы мәселеге байланысты ұсыныстар топтамасын әзірлеуі керек» деді Президент.

Сонымен қатар, Қ.Тоқаев жергілікті биліктің тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасап, олардың мәселелерін шұғыл шешуде батыл шешім­дер қабылдауға қатысты пікір білдірді. Яғни, көбіне олардың орталыққа жалтақтай беруі халық алдындағы беделін түсіреді. Оның салдары халықтың билікке деген сенімсіздігін тудырады. Сондықтан халық үніне құлақ асып, олардың мәселелерін шешуде батыл шешімдерге бару мемлекеттің дамуына оң серпін бермек.

Бюджет қаржысын тиімді пайдалану да жер­гілікті билікке қойылатын талаптардың бастысы. Бұл арада бюджетті тиімді жоспарлау, оларды орындау кезеңінде цифрлық тәсілдерді қолданудың маңызы зор. Сол кезде бюджетті қолдану тетіктері жеңілдеп, бюрократия азаяры анық. Түптеп келгенде, ел игілігі үшін бөлінген қаржы мақсатына қарай жұмсалып, бюджет қаржысын игеруде ашықтық қалыптасады. Осы тұста, ел Президенті бюджет қаржысын бөлуде өңірлік саясаттағы теңсіздікті азайту қажеттілігіне тоқталды. «Өңірлік саясатта әлеуметтік-экономикалық дамудағы теңсіздікті азайтуға айрықша мән беру керек. Әр аймаққа тән міндеттерді жалпыұлттық басымдықтармен дұрыс ұштастыра білу қажет. Ұлттық даму жоспары аясында азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру үшін нақты 25 міндет айқындалды. Жұмысымыздың басым бағыттары – осы. Сондықтан Үкімет пен әкімдер Өңірлерді дамыту жоспарларын бекітілген жалпыұлттық міндеттерге сәйкес жаңартуы қажет. Әрине, теңсіздікті азайтудың басты тәсілінің бірі – бюджет қаржысын басымдыққа сай жұмсау. Республикалық бюджеттен қаржы бөлу әкімдердің пысықтығына, қандай да бір жеке көзқарасқа және басқа да субъективті факторларға байланысты болмауы керек. Бюджет үдерісін «қайта жүктеу» үшін жан басына қарай қаржыландыру тетігін неғұрлым кеңірек қолданып, бюджет лимиттерін бөлудің объективті әдістемесін енгізу қажет» деді Қ.Тоқаев.

Төртінші басымдықта Мемлекет басшысы өңірлердің қаржылық дербестігін арттыру, инфра­құрылымдық даму, болашағы бар ауылдар мен моноқалаларды өркендету, экология мәселелерін қозғап, оларға қатысты Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Оған қоса, алдағы уақыт еншісінде су және электр тапшылығына болжам бар екенін атап, осы бағытта іс-шараларды жүзеге асыру қажеттігін айтты. Мәселен, ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, еліміздің кейбір өңірлерінде ауыз су мәселесі әлі шешімін таппаған. Осыған байланысты Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырылды. Айта кету керек, сапалы таза ауыз сумен қамтуда Сырдария ауданы айтарлықтай нәтиже бар. Өткен жылы Жетікөл ауылы тәулік бо­йына таза ауыз сумен қамтылып, нәтижесінде аудан 100 пайыз сапалы ауыз суды тұтынып отыр.

Жолдаудың төртінші бағытында Мемлекет басшысы БҰҰ-ның «Алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады» деген болжамына тоқталып, 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін дегенді алға тартты. Осы қауіпті ескере отырып, жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшу бағытында нақты жұмыстар атқарылуы тиіс. Бұл ретте, су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 канал қайта жаңғыртылады. Одан бөлек, Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады. Сол арқылы суды үнемді пайдалану технологиясы қалыптасып, ауыл шаруашылығын әртараптандыруға да басымдық берілмек.

Жақын онжылдықта су тапшылығы сезілетінін Сыр елі халқы биылғы жылдың өзінен аңғарды. Кезінде арнасынан асып жататын Сырдарияның табаны көрініп, мұның астықты өңірге тигізген кері әсері көп. Егінге қажетті судың көлемі азайып, шаруалар титықтаған кезең болды. Сондықтан осындай қиындықтар алдағы уақытта да орын алуы ықтимал. Осыны ескеріп, суды аз қажет ететін дақылдарды егуге сырбойылықтар көше бастады.

Ал электр энергиясының тапшылығын болдыр­маудың негізгі шешімі – бейбіт атом. Бұған қатысты Президент «Бұл – күрделі мәселе. Сондықтан қауесетке сеніп, эмоцияға берілмей, оны барынша тиімді шешуіміз керек. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» бір жылдың ішінде Қазақстанда қауіпсіз әрі экологиялық таза атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерттеуге тиіс. Бұл мәселеге инженерлік саланы дамыту және атом саласындағы білікті инженер мамандардың жаңа буынын қалыптастыру мүмкіндігі тұрғысынан да қарау қажет. «Жасыл» сутегі өндірісі, жалпы сутегі энергетикасы – болашағы зор бағыттар. Үкіметке осы мәселе бойынша да ұсыныс әзірлеуді тапсырамын» деді.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
21 қыркүйек 2021 ж. 423 0