Өңірлік деңгейдегі «Үздік ауыл әкімі» атанды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға арнаған Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы барлық азаматтың өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыруға бағытталуы қажеттігін атап өтті. Соған сәйкес Президенттің жергілікті жердегі өкілі саналатын ауыл әкімдерінен халықпен тікелей өзара іс-қимылда болып, байланыс орната алу қабілеті мен өзекті мәселелер бойынша уақытылы шешім қабылдай білуі талап етіледі. Міне осы үдеден шығып жүрген әкімдер арасында «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауы ұйымдастырылуда. Байқау өңірлік және республикалық деңгейде өткізіліп, қазіргі таңда алғашқы кезең қорытындыланды.
Байқаудың бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша ауданға қарасты Нағи Ілиясов ауылдық округінің әкімі Сағдат Нұрмағанбетов «Үздік ауыл әкімі» атанды. Республикаға белгілі елді мекеннің әкімі ашықтық саясатын жүргізіп, ел жағдайының жақсаруына өзіндік үлес қосуының нәтижесінде жетістікке жетуде. Бұған дейін де Еңбек Ерлері шыққан елді мекен «Үлгілі ауыл» атанған болатын.
Аталған байқау ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұйымдастыруымен мамыр айынан бастау алған болатын. Байқауға облыстың 17 кент және ауылдық округ әкімдері қатысуға ниет білдіріп, құжаттарын тапсырған. Құжаттары талаптарға сәйкес келген 7 әкімнің жұмысының тиімділігіне халықтың қанағаттануын өлшеу үшін облыс әкімдігінің ресми сайтында онлайн сауалнама жүргізілді. Сауалнама қорытындысы бойынша тұрғындардың пікірімен Тасбөгет кентінің әкімі Пахуатдин Шамұратов, Ақсуат ауылдық округінің әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаев және Нағи Ілиясов ауылдық округінің әкімі Сағдат Нұрмағанбетов ең көп балл жинап, өңірлік конкурстық комиссияның отырысында қаралды.
Комиссия отырысының қорытындысымен Нағи Ілиясов ауылдық округінің әкімі Сағдат Нұрмағанбетов «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсының өңірлік кезеңінің жеңімпазы атанып, Сыр елінің атынан конкурстың республикалық деңгейіне жолдама алды.
– Ауыл әкімі ретіндегі алғашқы қызметім тұрғындармен кездесуден басталған болатын. Содан бері ашықтық қағидатын ұстанып, күн сайын өзіме есеп беріп отырамын. Бүгінде білімімді, тәжірибемді ауылдың дамуына арнап келемін. Ерекшелігі сол, 2011 жылы біздің ауылға келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елді мекеннің дамуына жоғары баға берді. «Әр ауыл Нағи Ілиясов ауылындай болуы қажет» деген Елбасының сөзі ауыл әкімі ретінде мені қанаттандырды. Жұмысыма деген жауапкершілігім екі есе арта түсті, – дейді Сағдат Нұрмағанбетұлы.
Үлгілі ауыл соңғы онжылдықта адам танымастай өзгерді. Елді мекенде қарқынды жұмыстар жүргізіліп, әлеуметтік нысандар заман талабына сай салынды, жаңарды. Атап айтқанда, зәулім «Спорт кешені» салынып, ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Бұл ауыл тұрғындарының спортпен шұғылдануына септігін тигізді. Сондай-ақ ауыл әкімдігі жаңа ғимаратқа көшті. Жайқалған күріш бейнесінде сәулеттенген алтын түстес ғимараттың дизайны да ерекше. Өзге де нысандар жаңғыртудан өткізіліп, ауыл көркі ажарланды. Мұнан бөлек ауылда мешіт бой көтерді. Мешітті салуға «Абзал және К» толық серіктестігі зор қолдау көрсетті. Жалпы серіктестік ауылдағы барлық жұмысқа қолдау білдіріп, елді мекеннің абаттандырылуын қамтамасыз етіп келеді. Осы жұмыстардың ұйымдастырылуында ауыл әкімінің де еңбегі зор.
– Жұмыссыздықты жою – ауыл әкімдеріне қойылатын басты талаптардың бірі. Кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында нақты шаралар жүргізілуде. Оның ішінде Н.Ілиясов ауылы күріш егумен айналысатындықтан тұрғындардың басым бөлігі шаруашылықта жұмыс істейді. Бұл халық үшін өте тиімді. Шаруашылық өз жұмысын жаңа заман талабына сай жетілдіріп келеді. Ауылдағы өндіріс орындары заманауи құрал-жабдықтармен жаңартылуда. Мұның бәрі ауыл халқының бірлесе атқарған еңбегінің жемісі, – дейді ауыл әкімі.
Гүлденген ауылдың әкімі ендігі кезекте республикалық деңгейдегі байқауға қатысады. Елбасы жоғары баға берген ауыл екінші кезеңде де зор жетістікке жетеді деген сенімдеміз.
Ердос БЕРКІНБАЕВ