Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шалғайдағы ауылдардың даму деңгейі қандай?

Шалғайдағы ауылдардың даму деңгейі қандай?

Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен ауылдық округтердің даму жоспарын талқылау мақсатында жиналыс өтті. Жиналыс барысында ауданға қарасты Жетікөл, Айдарлы және Аманкелді ауылдарының даму жоспары жөнінде ауыл әкімдерінің есебі тыңдалды.

Аудан басшысы М.Ергешбаев шалғай ауылдардағы экономикалық белсенді халық санын арттырып, жұмыссыздық мәселесін шешу ауыл әкімдеріне қойылған басты талап екенін атап өтті. Осыған орай жаппай кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарына басымдық беру керектігіне назар аударып, жыл аяғына дейін жұмыссыздық деңгейін төмендету күн тәртібінен түспейтінін жеткізді.

Жетікөл ауылының әкімі Ө.Тоқпамбетовтің айтуынша, аталған елді мекенде экономикалық белсенді халық саны 287 адамды құраса, 25 азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Қазіргі таңда жұмыссыз азаматтардың 3-і тұрақты жұмысқа орналасса, 13-і ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілген және бір азамат жастар тәжірбиесі арқылы еңбек етуге мүмкіндік алған. Елді мекенде 53 кәсіпкерлік субьектісі болса, биылғы жылы 2 кәсіпкер жаңадан тіркелген. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 2 жоба қаржыландырылып, несие алуға 11 жеке азамат ынта танытқан. 2021 жылы «Бастау-Бизнес» оқу курсына 8 адам жолданып, 6 адам толық аяқтаған. Алдағы уақытта балық шаруашылығын дамытуға, бақша дақылдарын егуге және ауылдың аяқ су мәселелерін шешуге басымдық беріледі.

Ал Айдарлы ауылының әкімі А.Ержановтың мәлімдеуінше, ауылдағы 1681 тұрғынның 78-і жұмыссыз. Оның 16-ы тұрақты жұмысқа, 48-і ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Ауылдық округ кәсіпкерлері мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуда. Кәсіпкерлік саласында мемлекеттік бағдарламалар арқылы 2021 жылдың алғашқы жартыжылдығында құны 55 млн теңгені құрайтын 13 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде несие бойынша 49,2 млн теңгеге 3 жоба, жаңа бизнес идеяларға араналған мемлекеттік грант бойынша 5,8 млн теңгеге 10 жоба ұсынылған.

Аудан орталығынан шалғай орналасқан Аманкелді ауылында 1173 адам экономикалық тұрғыда белсенді болса, оның 83-і жұмыссыз. Жұмыссыз азаматтардың қазіргі таңда 17-і тұрақты жұмысқа, 32-і ақылы қоғамдық жұмысқа орналасса, 6 азамат жастар тәжірибесінен өтуде. Қалған адамдарды жыл соңына дейін жұмыспен қамту жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін кәсіпкерлік саласын дамытуға басымдық берілуде. Ауыл бойынша 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында құны 38 млн 434 мың теңгені құрайтын 15 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде несие алуға 32 млн 600 мың теңгеге 5 жоба, грант бойынша 5 млн 834 мың теңгеге 10 жоба ұсынылған.

Ауыл әкімдерінің баяндамасын тыңдағаннан кейін аудан әкімі М.Ергешбаев даму жоспарын сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру үшін елді мекендердің ерекшелігін ескеру қажеттігін айтты. Мысалы, Жетікөл ауылында балық шаруашылығын дамытуға басымдық беру қажет болса, Айдарлыда бау-бақша өнімдерін өсіруге қолдау көрсету керек. Ал Аманкелді ауылында кәсіпкерлік жобаларды әртараптандырып, салық органдарына тіркелмеген азаматтарды кәсіпкер ретінде тіркету үшін кешенді жұмыстар атқарылады. Осы мақсатта аудан әкімінің орынбасарларына шалғай ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын бақылауда ұстау тапсырылды. Жиналыс қорытындысы бойынша бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар берілді.

18 тамыз 2021 ж. 398 0