Көрсеткіштер нақты көрсетілуі керек
Бүгін аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, күн тәртібінде Тереңөзек кенті және ауылдық округтердің 2021 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын қайта қарау мәселесі талқыланды. Жиынға бөлім басшылары мен ауыл әкімдері қатысты.
Күн тәртібінде мәселе бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ғ.Акбаров хабарлама жасап, ауыл әкімдерінің елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетуді жеткізді. Слайд арқылы үлгі көрсетіп, әрбір тұрғынның әлеуметтік картасы нақты болуды атады.
Аудан басшысы М.Ергешбаев ауыл әкімдеріне ауылда қандай бағытта кәсіпкерлікті дамытуға болатынын, әрбір тұрғынның қандай тіршілікпен айналысатынын нақтылауды жүктеді. Сол арқылы елді мекендердің әлеуеті белгілі болып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жоспарын қайта қарауға болатынын айтты.
– Жұмыс барысында барлық деңгейдегі әкімдерге 3 міндетті қоямын. Олар – тұрақты жұмыс орындарын құру, салық базасын ұлғайту және қоғамдық-саяси ахуалды жақсарту. Бұл қойылған міндеттерге жетудің бір ғана жолы –жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Ол үшін алдымызда нақты жоспар болу керек. Жыл басында бекітілген жоспар бар дегенмен, оның ішінде қол жетізе алатын көрсеткіштеріміз нақты көрсетілуі қажет, – деді аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы.
Мәжілісте кент және ауылдық округтер әкімдеріне елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын қайта әзірлеп, бекітілген мерзімде нәтижесін баяндау жүктелді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ