Үш ауылдың даму жоспары талқыланды
Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен карантиндік талаптарды қатаң сақтау арқылы ауылдық округтердің даму жоспарын талқылау мақсатында жиналыс өтті. Жиналыс барысында ауданға қарасты С.Сейфуллин, Іңкәрдария және Шаған ауылдарының даму жоспары жөнінде ауыл әкімдерінің есебі тыңдалды.
Аудан басшысы М.Ергешбаев экономикалық белсенді халық санын арттырып, жұмыссыздық мәселесін шешу ауыл әкімдеріне қойылған басты міндет екенін атап өтті. Осыған орай жаппай кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарына басымдық беру керектігін айтып, жыл аяғына дейін жұмыссыздық деңгейін төмендету күн тәртібінен түспейтінін жеткізді.
С.Сейфуллин ауылының әкімі Б.Қыдырбаевтың айтуынша, елді мекенде экономикалық белсенді халық саны 711 адамды құраса, 80 азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Қазіргі таңда жұмыссыз азаматтардың 24-і тұрақты жұмысқа орналасса, 25-і ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілген және 18-і әлеуметтік жұмыс орындарында, 2-і жастар тәжірбиесі арқылы еңбек етуге мүмкіндік алған. Кәсіпкерлік саласы бойынша 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 28,5 млн теңгені құрайтын 11 жоба қаржыландырылған. Алдағы уақытта мал және егін шаруашылығын дамыту бағытында жұмыстар жүргізілетін болады.
Ал Іңкәрдария ауылының әкімі С.Есдәулетовтің мәлімдеуінше, ауылдағы 851 тұрғынның 49-ы жұмыссыз. Оның 12-і тұрақты жұмысқа, 32-сі ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Елді мекенде 32 шаруа қожалығы жұмыс жасайды және 1381 бас ірі қара мал, 760 бас жылқы, 199 бас түйе, 390 бас қой, 563 бас ешкі және 329 құс есепке алынған. Ауыл бойынша мемлекеттік бағдарламалар арқылы 2021 жылдың алғашқы жартыжылдығында 3 жоба қаржыландырылған. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 1 жоба жүзеге асқан. Елді мекенде бау-бақша егу мақсатында кешенді жұмыстар қолға алынады деп жоспарлануда.
Аудандағы ең үлкен ауыл саналатын Шаған елді мекенінде 4500-ден астам адам тұрса, оның 2 мыңға жуығы экономикалық тұрғыда белсенді және 126-ы жұмыссыз. Ауыл әкімі Ұ.Абдраманованың айтуынша, жыл басынан бері жұмыссыз азаматтардың 26-ы тұрақты жұмысқа, 32-і қоғамдық жұмысқа орналасса, 8 азамат жастар тәжірибесіне жіберілген. Ауыл бойынша 28 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Жалпы 2860 ірі қара мал, 1325 жылқы, 59 түйе, 1402 қой, 1164 ешкі және 1005 құс есепке алынған. Мемлекеттік бағдарламалар аясында бүгінгі күнге дейін құны 13,7 млн теңгені құрайтын 16 жоба қаржыландырылған. Мұнан бөлек те кәсіпкерлікті дамыту бағытында аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімімен бірге нақты жұмыстар жүргізілуде.
Ауыл әкімдерінің баяндамасын тыңдағаннан кейін аудан әкімі даму жоспарын орындау үшін елді мекендердің ерекшелігін ескеру қажеттігін айтты. Мысалы, С.Сейфуллин ауылының халқы мал және егін шаруашылығына бейім болса, Іңкәрдариялықтар бау-бақша өнімдерін өсіруге ынталы. Ал Шаған ауылында халық саны көп болғандықтан кәсіпкерлік жобаларды әртараптандыру қажет. Осы мақсатта аудан әкімінің орынбасарларына әр ауылға бөлек жоба дайындау тапсырылды. Жиналыс қорытындысында бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар берілді.