Бес айдағы жұмыстар пысықталды
Аудан әкімі Руслан Рүстемовтің төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжілістің күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім мен мекеме басшылары, БАҚ өкілі қатысты.
Мәжілісті бастамас бұрын аудан басшысы қауіпті індет салдарынан қалыптасып отырған эпидемиологиялық ахуалға тоқталды. Кент, ауылдық округ әкімдеріне жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, отбасылық шараларды, той, ас беруді тоқтатып, карантин талаптарын қатаң сақтауды ескертті.
Сондай-ақ, кейінгі уақытта тұмау, тыныс алу жолдарының вирустық инфекциясы белең алып отырғанын айта келе аудандағы дәріханаларда дәрі-дәрмектің тапшылығын болдырмау мақсатында оның бағасына күнделікті мониторинг жүргізіп, ақпарат ұсынып отыруды аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне тапсырды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің 5 айда атқарылған жұмыстарының есебі туралы бөлім басшысы Н.Әзірбек хабарлама жасады. Бөлім басшысы ауданда ауыл шаруашылығы саласы бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді. Ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы бойынша есепті кезеңдегі көрсеткішті атап, ауданда азық-түлік бағасы тұрақты бақылауда екенін айтты.
Хабарлама аяқталғаннан кейін аудан әкімі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің атқарып жатқан жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды және аграрлы саясаттың басымдықтарын кеңінен насихаттауды, ауыл шаруашылығы кооперативін дамытуды, өнімді, дақылды өңдеу бойынша аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімімен бірлесіп жұмыс жасауды міндеттеді. Сонымен қатар ауқымы кең саланың жаңалықтары мен өзекті мәселелер жайында тұрақты түрде әлеуметтік желіде жариялап отыру қажеттігін ескертті.
Мұнан кейін аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ғ.Садықов саладағы 5 айда атқарылған жұмыстың есебін берді. Бөлім басшысы аудандағы жұмыссыздық деңгейі, атаулы әлеуметтік көмек, қайырымдылық көмек, еңбек шарты, пробация есебіндегілерге бөлінген квотаға қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды айтты. Өз кезегінде аудан басшысы жұмыссыздық деңгейін түсіру үшін жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз ету қажеттілігін атады.
Мәжілістің күн тәртібіндегі үшінші мәселе Жетікөл ауылының 5 айда атқарылған жұмыстары туралы болды. Ауыл әкімі Ж.Қожахметов шағын елді мекенде салық түсімі, даму әлеуеті жөнінде баяндады. Аудан басшысы ауылда мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жұмыс дұрыс үйлестірілмей жатқанын сынға алды. Елді мекенде кәсіпкерлік саласын дамыту керектігіне тоқталып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мәселесін де қозғады. Әр ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға салалық бөлім басшылары да атсалысу қажеттігін айтты.
Аппарат мәжілісінің қорытындысында аудан әкімі тиісті сала басшылары мен кент, ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, аталған тапсырмалардың орындалуын қадағалауды аудан әкімінің орынбасарларына жүктеді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ