Депутаттар жылды қорытындылады
Кеше аудандық мәслихаттың кезекті 60-сессиясы өтті. Сессияға аудан әкімі Талғат Дүйсебаев, аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов, халық қалаулылары мен аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округ әкімдері, мекеме, бөлім басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Аудандық мәслихат депутаты Сламбек Қаюпов төрағалық еткен сессияның күн тәртібінде бірнеше маңызды мәселе қаралды. Ең алдымен аудандық мәслихат хатшысының жылдық есебі тыңдалды.
Аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов баяндамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауының маңызы мен Жолдаудан туындаған мақсат-міндеттердің жүзеге асырылу барысынан бастады. Ел Президенті айқындап берген басым бағыттарға тоқталған мәслихат хатшысы мемлекеттік басқару, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру мақсатындағы тапсырмалардың зор міндет жүктейтінін атап өтті. Мұнан соң депутаттық корпуспен бірлесе атқарылған жұмыстар барысын баян етті.
– 2020 жылы аудандық мәслихаттың 10 сессиясы өткізілсе, 3 сессия кезекті, 7 сессия заңдылыққа және аудан әкімінің ұсынысына сәйкес шақырылған кезектен тыс сессиялар болды. Карантиндік талаптарға сәйкес мәслихаттың кейбір сессиялары онлайн форматта ұйымдастырылды. Сессияларда барлығы 73 шешім қабылданып, 43 шешім азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты болғандықтан облыстық Әділет басқармасынан тіркеуден өтіп, аудандық басылым бетінде жарияланды. Депутаттар назарына аудан бюджеті, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету, бұқаралық спортты дамыту, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық ахуалды жақсарту, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыру, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, жол, құрылыс, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, білім, жастар саясаты, халықты таза ауыз су, аяқ су, электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелері ұсынылып, барлық мәселелер қаралды, – деді аудандық мәслихат хатшысы.
Сонымен қатар биылғы жылғы сессияларда 2020-2022 жылдарға арналған аудандық бюджетке 3 рет өзгерістер мен толықтырулар, төртінші деңгейлі бюджетке 5 рет өзгерістер енгізілген. Сәйкесінше бюджет әкімшілерінің есептері тыңдалып, тиісті шешімдер қабылданған. Депутаттар негізгі салалар жұмысы бойынша ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен кездесіп, салалардың өзекті де өткір мәселелерін шешу бағытында құзырлы органдарға нақты ұсыныстар берген. Бұл жұмыстар әлі де өз жалғасын табуда.
Жыл басынан бері аудандық мәслихат депутаттары тарапынан құзырлы органдарға 5 депутаттық сауал жолданған. Оның төртеуі орындалса, біреуі орындалу үстінде екен. Сондай-ақ, аудандағы атқарушы органдарға депутаттардан 12 өтініш түсіп, оның 10-ы өз шешімін тапса, қалған екеуі орындалу үстінде. Бұл халық қалаулыларының тұрғындар игілігі үшін атқарған жұмыстарының бір бөлігі ғана.
– 2016 жылы аудан бюджетін 5 млрд 754 млн теңгемен бекітсек, 2020 жылы 12 млрд 883 млн теңге болып бекітілді. 2021 жылы аудан бюджеті 14 млрд теңге көлемінде бекітілмек. Бұл Мемлекет, Үкімет басшыларының, облыс, аудан әкімінің қолдауымен инвестициялық және мемлекеттік жобалардың жүзеге асуының негізінде мүмкін болып отыр. Биыл еліміз сындарлы кезеңді бастан өткеруде. Карантиндік талаптар өмір сүру дағдымызды өзгертті десек те болады. Осындай сәтте халық қалаулылары жұртшылықтың жанынан табылып, қиналғанға қол ұшын созып, азаматтық таныта білді. Аудандық мәслихат депутаттары төтенше жағдайға байланысты құрылған «Biz birgemiz» республикалық акциясына қатысып, аудандағы әлеуметтік жағдайы төмен 118 отбасына 1 млн 680 мың теңгеге көмек көрсетті. Сондай-ақ депутаттардың қолдауымен аудандық ауруханаға 400 мың теңгеге 2 ИВЛ құрылғысы алып берілді, – деді Ержан Әжікенов. Осы және басқада мәселелер бойынша атқарылған жұмыстарды баяндаған мәслихат хатшысы бекем бірлік пен көркем тірлікті ұштастырып, бірлесе еңбек еткен аудандық мәслихат депутаттарына ризашылығын білдірді. Өз кезегінде аудандық мәслихат депутаты Б.Есназар аудандық мәслихат хатшысының жұмысын жоғары бағалады.
Сессияның күн тәртібіндегі екінші, үшінші және төртінші мәселе «2020-2022 жылдарға арналған Қоғалыкөл ауылдық округінің бюджеті туралы» аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №369, «2020-2022 жылдарға арналған Қалжан ахун ауылдық округінің бюджеті туралы» аудандық мәслихаттың №377, «2020-2022 жылдарға арналған Айдарлы ауылдық округінің бюджеті туралы» аудандық мәслихаттың №378 шешіміне өзгерістер енгізуге арналды. Ал, бесінші мәселе «2021-2023 жылдарға арналған аудандық бюджет» туралы өрбіп, аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Ғ.Акбаров түсініктеме берді. Алтыншы мәселе қылмыстық жазаларды өтеу, қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік көмекті ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың жанындағы консультациялық-кеңесші орган қызметінің нәтижесі бойынша аудан әкімінің орынбасары, консультациялық-кеңесші орган төрағасы Т.Нұртазаев баяндама жасады. Соңғы мәселе «Тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы» аудандық мәслихаттың 2017 жылғы 22 желтоқсандағы №163 шешіміне өзгерістер енгізуге арналып, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы М.Қаратаевтың хабарламасы тыңдалды.
Сессия соңында аудан әкімі Талғат Дүйсебаев сөз сөйлеп, жылдың қорытындылануға жақын қалғанын айтып, бірлесе атқарылған нәтижелі істер үшін аудандық мәслихат депутаттарына алғысын білдірді.
– Биылғы жыл бәріміз үшін қиындыққа толы болса да біз жұмыла кіріскен жұмыстың нәтижесінде жақсы көрсеткішке қол жеткіздік. Халық қалаулылары аудандағы инженерлік-инфрақұрылым мен абаттандыру, жөндеу жұмыстарының сапасын басты назарда ұстады. Депутаттардың ұсынысымен ауданның 100-ге жуық көшесі жөндеуден өтті. Әлеуметтік нысандарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұндай ауқымды тірлік алдағы уақытта да жалғаса бермек. Бірлесе атқарылған жұмыстар үшін халық қалаулыларына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді аудан басшысы.
Сессия қорытындысында тиісті шешімдер қабылданды.