Жаңа көшбасшыларды іріктеудің тиімді тетігі
Елімізде әлеуметтік-экономикалық жаңғырулармен қатар, жаңа технологиялар мен тәсілдер қолданысқа енуде. Солардың бірі, батыс елдерінің сайлау тәжірбиесінде жүйелі түрде қолданылып келе жатқан ішкі партиялық праймериз ұғымы.
Праймериз туралы Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Назарбаев партияның Саяси кеңесі бюросының отырысында «Бұл партия атынан мәселелерді шешетін ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік беретін дұрыс шешім деп санаймын» деген болатын. Осыған орай халықаралық тәжірбиеде мойындалған партияішілік іріктеу тәсілін елімізде алғашқылардың бірі болып «Nur Otan» партиясы қолданысқа енгізуде.
Бүгінде партия тарапынан халықпен кері байланыс арналарын орнатуға ерекше назар аударылуда. Праймериз тәсілі арқылы жаңа «әлеуметтік лифт» қалыптасады яғни, алдағы сайлауларға ұсынылатын адал, іскер, ел сенетін тұлғалар іріктеледі.
Праймериз барысында партияның барлық деңгейдегі тұлғалары сайлау науқаны басталғанда ел арасына шығып, қоғамды дамытуға арналған бағдарламасымен таныстырып, ашық пікірталасқа түседі. Осылайша үміткерлердің саяси ұстанымы мен ұсыныстары ел алдында ашық, жариялы түрде анықталады. Суырылып шыққан мықтылар, елге сөзі өтетін беделділер партия атынан үміткерлер тізіміне ілініп, одан әрі үлкен сайлауға түседі.
Праймериз нәтижесінде кім көп дауыс алады, сол аудандық, облыстық мәслихат пен Мәжіліске депутат атану құқығын иеленбек. Мұндай ашықтық партия қатарын шынайы халықшыл азаматтармен толықтыруға және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпіліс әкелетін жаңа көзқарасты саясаткерлердің пайда болуына толық мүмкіндік туғызбақ. Ендеше, ел үшін де, қоғам үшін де тиімді бастамаға белсенді азаматтарды қатысуға шақырамын. Партия белсенділеріне сәттілік тілеймін!
Еркебұлан ЖАҚЫП,
«Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық
филиалы төрағасының бірінші орынбасары