Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » "Nur otan" партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы сайланды

"Nur otan" партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы сайланды

"Nur Otan" партиясының кезектен тыс XXV конференциясында партияның облыстық филиалының жаңа төрағасы болып Қуанышбек Ысқақов сайланды.
Қызылордада "Nur Otan" партиясы облыстық филиалының кезектен тыс XXV конференциясы өтті, онда 3 мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе - "Nur Otan" партиясы облыстық филиалының жаңа төрағасын сайлау, бұл қызметке Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың кандидатурасы ұсынылды. Делегаттар облыстық партия филиалының жаңа төрағасының кандидатурасын бірауыздан қолдады. "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Қуанышбек Ысқақовты құттықтап, куәлік табыстады.
«Қуанышбек Досмайылұлын жаңа жауапты қызметке тағайындалуымен құттықтаймын. Ол - осы өңірдің тумасы, өз ісінің маманы, жауапты қызметтерді атқарған тәжірибелі басшы. Қырымбек Елеуұлы Қызылорда облысының әкімі болып тұрған кезде көп еңбек атқарды, Сыр өңірін дамыту үшін, оның ішінде жаңа жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлерді қолдау, мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиемен қамтамасыз ету және т. б. маңызды мәселелер бойынша көп жұмыстар істеді. Қуанышбек Досмайылұлы да аймақтың әлеуметтік мәселелерін оңтайлы шешуде аянбай еңбек етеді деп сенемін»,-деді Б.Байбек.
Өз кезегінде әріптестеріне сенім білдіргені үшін Қуанышбек Ысқақов алғысын білдіріп, Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасының міндеттерін жүзеге асыру бойынша бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Келесі мәселе - "Nur Otan" партиясы Қызылорда облыстық филиалының Саяси кеңес бюросының құрамына өзгерістер енгізу. Партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілестің ұсынысымен облыс әкімі, партияның облыстық филиалы төрағасы Қуанышбек Ысқақов Саяси кеңес бюросының мүшесі болды.
Саяси кеңес бюросының мүшесі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық кеңестің төрағасы Наурызбай Байқадамов сөз сөйлеп, Қырымбек Елеуұлының аймақты дамыту жолындағы еңбегін ерекше атап өтіп, Қуанышбек Досмайылұлын партия мүшелерінің атынан құттықтады.
Бауыржан Байбек "Nur Otan" партиясының алдағы уақыттағы міндеттерін белгілеп, сайлауалды штабтың жұмысына белсенді қатысқан партия мүшелерін Президенттің Алғыс хатымен марапаттады.   
Айта кетейік, Қызылорда облысында 51333 мүшесі бар 245 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. 2018 жылы партия филиалдарының қоғамдық қабылдауларына тұрғындардан 3196 өтініш түсіп, олардың 35,5 пайызы оң шешімін тапты. Ал ағымдағы жылдың 6 айында 1738 өтініш келіп түскен. Олардың 80 пайызға жуығы әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй, жұмыспен қамту секілді мәселелерден құралған. Осы өтініштердің 28,1 пайызы оң нәтижесін тапты.


10 шілде 2019 ж. 678 0