Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » А.Әлназарова: Праймериз - жаңа лидерлерді анықтаудың таптырмас құралы

А.Әлназарова: Праймериз - жаңа лидерлерді анықтаудың таптырмас құралы

Жасыратыны жоқ, әзірге қарапайым халыққа праймериз беймәлім сөз. Дегенмен бұл сөзді ағылшын тілінен қазақшаға аударғандағы баламасы алдын - ала іріктеу, сайлау дегенді білдіреді.
Тарихқа жүгінсек, праймериз XIX ғасырдың ортасында Еуропа, Азияның кейбір елдері және Латын Америкада кеңінен қолданылған екен.

Бүгінде Германия, Ұлыбританияның саяси күштері, АҚШ пен Канаданың либералды партиялары Түркия секілді елдер бұл үрдісті сайлау қарсаңында жиі қолданады және оны Ата заң аясында реттеген. Олар, негізгі сайлауды ішкі іріктеуден соң өткізеді. Бұл ел ішінде беделі басым, халыққа сөзі өтімді, партияның жұмысын іштей білетін білікті мамандарды анықтау үшін таптырмас құрал екендігін сол елдер тәжірибесінен байқауымызға болады.

Өркениетті елдердің тәжірибесін тыңғылықты зерделеген «Nur Otan» партиясы, партия ішілік іріктеу өткізудің ережелерін бекітіп, сайлауға түсетін кандидатты өз арасында таңдау үшін осы әдісті қолданбақ. Яғни, праймериздің негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелестік негізде жаңа көшбасшыларды айқындау.

Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы біздің өңірімізде партиялық резервке үміткерлер арасында бұл әдіс алғаш рет Сырдария ауданында пилоттық режимде өткізілді.
Бұл іріктеу жұмыстары бізге нақты ұсыныстары бар талантты азаматтар мен өңірдің өзекті мәселелерімен таныс жаңа қоғамдық пікір иелерін бәсекелестік негізде анықтауға мүмкіндік берді. Сонымен бірге партия мүшелері арасында қызығушылықпен қатар бәсекелестік туғызды.

Міне, партия қатарына қосылып, еліміздің дамуына үлесімді қосамын, - деген сырбойылық азаматтар үшін жаңа мүмкіндік. Кеше Партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 17 тамыздан 3 қазанға дейінгі аралықта партияішілік таңдау – праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойды.

Елбасы еліміздің сайланбалы органдарында әйел азаматтардың үлесін 30%-ға жеткізуді тапсырғанын білесіздер. Бұл партияішілік іріктеу – праймеризде ескеріліп отыр. Яғни, партиялық тізімдердің сапалық құрамында әйел азаматтардың үлесі кем дегенде 30 пайыз. Сол секілді 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 20 пайыз болуы шарт.

Көпбалалы аналардың, қандастардың (оралмандардың), ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен басқа да әлеуметтік топтардың өкілдері сайлаушылардың өңірлік құрылымына сәйкес енгізілмек.

Праймериз 5 кезеңде жүргізіледі.
1) кандидаттарды ұсыну және тіркеу;
2) кандидаттарды үгітке даярлау;
3) үгіт жұмысы;
4) дауыс беруді өткізу;
5) тізімдерді дайындау.

Праймериз ережелерін партиямыздың www.nurotan.kz ресми сайтынан және облыстық партия филиалының 8(7242) 26-48-28 байланыс телефонына хабарласып ала – алады.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барша жерлестерді праймеризге белсенді қатысуға шақырамын!
05 маусым 2020 ж. 769 0