Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кешегі күн – бүгінгі тарих

Кешегі күн – бүгінгі тарих

Ел-халықтың аузында «Берекелі Бесарық» атанып кеткен Бесарық ауылы өткен ғасырдың 50 жылдары «Жаңа тұрмыс», «Тасарық», «огородник», «победа» атты елді мекендерді біріктірген колхоз алғашқыда жыр алыбы Жамбыл Жа­баевтың атымен аталды. Ауылдың аты аңызға айналған тұлғалары: Сейітбек Мінәйдаров, Абылай Тәженов, Құлжабай Сырлыбаев, Қалдықара Тумырзаев, Жетібай Сықақов, Жұмабек Әбенов есімді атақты шопандарымен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, сауыншы Күлжан Әуезова, шопан Рабиға Іздіқұловамен танылды.

Ауыл тарихының бастауы ретінде ауыл іргесіндегі «Бұ­хартөбені» айтуға болады. Тарихи орынға айналған Бұхар­төбеден табылған үш бірдей құмыра төбенің көне тарихты қойнына бүккен тарихи орын екенін айғақтайды. Тарихи жәдігерлер ауылдық музейге құнды экспонат ретінде қо­йылған.
Ауыл тарихын зерттеуші, қаламгер Жұмабай Байзақұлының айтуынша, бір байдың «Мая» атты інгені ботасы аяқтанған соң еліне қашып кетеді. Ағыны қатты Сырдың суынан үркіген бота суға түспей табандап тұрып алған екен. Ботасынан айырылған «Мая» аруана мойнын қайта-қайта бұрып, амалсыз еліне тартады. Сол інген қашқан соқпақ жол кейін «Мая жолы» деп аталып кетеді. Сыр қазақтары осы жолмен Өзбекстандағы Бұхара, Хиуа, Үшқұдыққа үйір-үйір мал пұлдау үшін сапарға аттанар алдында қазіргі Бесарық ауылының іргесіндегі құм төбеге жиналған. Аталған төбе «Бұхартөбе» аталып кеткен. Қазір төбе біршама шөккен. Ол жерден табылған тарихи жәдігер – құмыралардың сыйымдылығы екі, екі жарым литр. Зерттеушілер, бұл маңда өзеннен шығыр арқылы су шығаруға арналған құрылғы болғанын анықтаған. «Шығыр» деп отырғанымыз өзен-көлден су тартып, егін суаруға ар­налған құрылғы. ХV-ХVІІ ғасырда саз балшықтан күйдіріп жасалған бұл құмыралар – баға жетпес байлық.
Ауыл тарихын елге мұра ету мақсатында Бұхартөбеге ауыл әкімінің ұсынысымен, ауыл кәсіпкерлерінің қолдауымен ескерткіш ретінде белгі қойылғанын айта кеткен жөн. Шежірелі ауылға кіреберіс тұста орналасқан тарихи орын елді мекен тарихымен талай уақыт бірге жасайтын болады.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
27 қазан 2020 ж. 951 0