Ақтөбе облысының аудандық мәслихат төрағалары Нағи Ілиясов және Бесарық ауылдарында болды

Алдымен ауылдың еңбекшіл азаматтарының ауылды көркейту жолындағы ерен еңбектерін бағалау мақсатында жасалған «Еңбек аллеясында» болып, олардың құрметіне арналған көрікті орынды аралады.
Одан бөлек, ауылдық мәдениет үйі мен кітапхана жұмысымен танысып, ауылдың жазғы және түнгі көріністерін бейнеролик арқылы тамашалады.
Мұнан кейін, Тағзым алаңында барып, одан әрі Т.Айтбаев атындағы №132 орта мектепте болып, білім беру саласындағы жетістіктерге куә болды. Сонымен қатар, қонақтарға «Айтбай» мешіті мен ауылдық округ әкімі аппаратының қызметі таныстырылып, ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына бағытталған заманауи спорт кешенінің жұмыс барысына қанықты. Өз кезегінде қонақтар Нағи ауылының жетістіктеріне оң бағасын беріп, одан әрі көркеюіне тілектестік білдірді.
Мәслихат төрағаларының сапары Бесарық ауылында жалғасып, бірнеше маңызды нысандардың жұмысымен танысты.
Алдымен спорт кешеніне барып, оның мүмкіндіктерімен және ауыл тұрғындары үшін жасалған жағдайларды көріп қайтты.
Одан соң, халыққа қызмет көрсететін шаруашылық ғимараты және ауыл тарихы мен мәдени мұрасынан сыр шертетін музейді аралап, ауылдың өткені мен бүгінін сипаттайтын деректермен танысты.
Сондай-ақ, ауылдағы мәдени іс-шаралардың басты орталығы саналатын ауылдық мәдениет үйінің жұмыс барысын көрді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында салынған кешендерді аралап, жергілікті кәсіпкерлермен кездесті.
Сапар соңында, Бесарық ауылдық шаруашылығына барып, түйеқұс, бөдене және басқа да мал шаруашылығы нысандарын аралап, шаруашылық өкілдері атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, ауылдың аграрлық әлеуеті төңірегінде әңгімелесті.
Халық қалаулыларының Сыр өңіріне сапары өңіраралық ынтымақтастықты нығайту мен тәжірибе алмасудың маңызды қадамы болды. Бұл сапардың мақсаты — әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын зерттеу, үздік тәжірибелермен бөлісу және екі өңір арасындағы әріптестік қарым-қатынасты одан әрі арттыру болып табылады.