Ертеңі жарқын елорданың тұрғындары
Есіл өзенінің жағалауында орналасқан арман қала Астананың келбетіне тамсана қарамайтын жан кемде-кем. Сұлулығына көз тоймайтын әсем қала қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Жыл сайын қаланың халық саны да артып, әлемде ең жылдам дамыған қаланың бірі ретінде танылып отыр.
Еліміздің бас қаласы мәртебесін алған кезден бастап, арман қалаға ағылған жұрт жаңа астананың қалыптасуына үлес қосуға асықты. Таңғажайып дархан даламыздың ортасында орналасқан қала тұрғындарының арасында өз бақыты мен қуанышын тапқандары қаншама?!
Еліміздің бас қаласы мәртебесін алған кезден бастап, арман қалаға ағылған жұрт жаңа астананың қалыптасуына үлес қосуға асықты. Таңғажайып дархан даламыздың ортасында орналасқан қала тұрғындарының арасында өз бақыты мен қуанышын тапқандары қаншама?!
Бүгінде тереңөзектік жерлесіміз Қанат Рахметұлы отбасымен Астана тұрғынына айналды. Олар өткен жылы елордаға көшіп, биыл Астана қаласының туған күнін екінші мәрте отбасымен атап өтпекші.
– Жұбайым Аида Бекбердіқызы – Тараздың тумасы. 2006 жылы шаңырақ көтеріп, ата-анамыздың ризашылығын алдық. Содан бері тату-тәтті отбасылық өміріміз жалғасын тауып, өмірге келген балаларымыз көз қуанышымызға айналды. Алған білімімізбен туған жерге қызмет етіп, өз мамандығымыз бойынша біраз жыл тәжірибе жинадық. Енді міне, Астана қаласының тұрғыны атанғанымызға екі жылға аяқ басты. Балалар үйренісіп қалды. Әрине, туған жерден жыраққа кету оңай емес, сағынышымыз біразға дейін басылмады. Бірақ Астана бізді жатсынбады. Жаңа орта, жаңа қызметтің арқасында ару қаланың тіршілігіне үйреніп келеміз. Қазір Астана қалалық №4 автопаркте колонна бастығы болып қызмет атқарамын. Біз секілді отбасыларға мол мүмкіндік берген елордаға алғысымыз шексіз! Жасай берсін, дами берсін, ару қала, – дейді Қанат Рахметұлы.
Жас отбасының өз өмірлерін Астанамен байланыстыруы заңдылық. Күн сайын жасара түскен Астана шын мәнінде жастарды өз бауырына еріксіз тартады. Алып шаһар жастар үшін ең алдымен шексіз мүмкіндіктер мен асқан арман, биік мақсаттың орындалуына жол ашқан алтын кілт іспетті.
Болашағын осы қаламен байланыстыру үшін шешім қабылдаған ерлі-зайыптылар бұл бетбұрысқа ешқашан өкінбейтіндерін айтады. Себебі өсу мен оқуға, өзін дамытуға көп мүмкіндік беретін қолайлы қаланың сұлу табиғаты адамның ішкі жан дүниесін де ерекше сезімге бөлейді.
– Сыр еліне келін болып түстім, ата-енем өте керемет жандар. Марқұм атам ішкі істер органында қызмет атқарған. Енемнің тұңғыш келіні болғандықтан маған қызындай қарады. Бізге үнемі қолдау білдірді. Негізінен екі мамандығым бар. Жер кадастры мен заңгер. Жер саласында жерге орналастырушы болып еңбек жолымды бастағанмын. Қызылорда қаласында осы салада қызмет атқардым. Қатардағы маманнан бастап бас маман, кадр бөлімінің басшысы қызметіне дейін көтерілдім. Саладағы жетістігім – тәжірибе жинағаным. Қазір екі жылдан бері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Астана қаласы бойынша филиалды НR дамыту басқармасының басшысымын. Әрине, Астана қаласына қоныс аудару үшін көп ойландық және балаларымыздың болашағы үшін отағасымен бір шешімге келдік. Міне, енді біз астаналықтармыз. Қала бізге керемет ұнайды. Әдемі, тұрғындары да жақсы, әсіресе, қыс мезгіліндегі қарды ұнатамын. Қатты ыстық болмайды. Мұнда жұмыс түрі өте көп, жұмыссыз қаламын деп қорықпайсың. Бізге дамуға, өсуге мүмкіндік берген Астанаға мың алғыс, – дейді сырдариялық келін Аида Рахметова.
Жарқын болашаққа деген бастау болған Рахметовтер отбасында қос бірдей перзент өсіп келеді. Тұңғыштары Дінмұхаммед келесі жылы мектеп бітіреді. Ару қыздары Аянат та мектеп оқушысы. Бүгінде балаларының жақсы білім алуына бар жағдайын жасаған ата-аналарының атқарып отырған қызметі, баспанасы бар. Олар биылғы жылы өз баспаналарына қол жеткізіп, отбасы қуанышы еселене түсті.
Рахметовтер отбасы жыл сайын ерекше атап өтілетін қала күнін асыға күтеді. Себебі бұл күні Астана күндегіден де ажарлана түседі. Шамдары жарқыраған әсем қаланың әр түкпірінде мерекелік көңіл-күй сезіледі. Бір сәтке күйбең тірлектен босап, отбасымен қала күнін атап өтетін жерлестерімізге мереке құтты болсын дейміз.
Бибісара ЖАНӘЛІ