Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ГҮЛДЕНГЕН, ӘСЕМ АСТАНА ҚУАТТЫ, ЖАРҚЫН БАС ҚАЛА

ГҮЛДЕНГЕН, ӘСЕМ АСТАНА ҚУАТТЫ, ЖАРҚЫН БАС ҚАЛА


Айбары асқақтаған, келбеті келіскен елорданың елдің бас шаһары болғанына биыл 20 жыл. Қос ондықта Қазақстанның қақпасы болған Астана қуатты қалалар қатарына қосылып, құтты мекенге айналды. Олай дейтініміз, қазіргі таңда әсем қаладан құрметті қонақтар арылмайды, күнделікті ауқымды шаралар өтеді. Маңызды болған мәселелер түйіні осы бас қалада шешімін табуда. Мұның өзі күн санап көркейіп келе жатқан Астананың мерейлі мәртебесін айғақтайды.
Бүгінде Еуразия кіндігі саналатын Астана – бейбітшілік символы саналып, тұрақтылық пен ынтымақтастықтың қаласына айналған. 1997 жылдан бастап Елордамыз Ақмолаға көшкеннен кейін жас мемлекеттің астанасы қарқынды дамып, 20 жылдың ішінде адам танымастай өзгерді. Зәулім ғимараттар бой көтеріп, әсем қала барша әлем жұрты таңдана, тамсана қарайтындай дәрежеге жетті. Мұндағы қала бедерінің көркемдігі және архитектуралық шешімдердің ерекшелігі Есіл бойындағы бас шаһардың елеулі екенін танытып тұр. Сондықтан бұл күнде еліміздегі барлық аймақ Астанаға қарап бой түзейді десек артық айтқандық емес. Міне, сол себепті де Елорда – егемен еліміздің жүрегі, елдігіміздің бастауы.
Тәуелсіздік алғаннан бастап елдің дамуы­на емірене еңбек етіп келе жатқан Елбасы Н.Ә.Назарбаев азаттықтың алғашқы жылдарында маңызды шешімдерді қабылдады. Бұл ұлт келешегі үшін жасалған батыл қадамдар. Солардың ішіндегі ең басты қадамдардың бірі осы елорданы Ақмолаға көшіру болатын. Бұл әрине, оңай шешім болмағаны белгілі. Десе де, халықтың болашағына сеніммен қараған Мемлекет басшысы бас қаланы көшіру бастамасын қолға алды. Бұл туралы Ел Президенті Астана қаласы туралы толғауында: «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы 1992 жылы туған еді, бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым, өйткені Қазақстанның экономикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді», – дей келіп: «1992 жылы Қазақстанның Тәуелсіздігіне бү­кіл халық болып сайлағанынан кейін мен Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қа­радым. Маған қаланың ортасында ағып жатқан өзен болса, қашанда сол ұнайтын. Өзен қалаға ерекше көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында Атырау, Сырдарияның бойында Қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама астаналар өзен жағасында салынған. Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон – Темзада тұр. Оның үстіне, Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуропаның орталығына орналасқан», – деп мұны тарихи шешім екенін жеткізеді. Осындай көрегенділік пен нақты жұмыстардың нәтижесінде жас Астана жылдам дамып, әлем назарын өзіне аудартты. Екі құрлықтың түйінінде көсіліп жатқан кеңістік әу бастан астана болуға лайық екендігін дәлелдеді.
Елбасының төл тумасына баланған бас шаһар 20 жыл ішінде батыс пен шығыс мә­дениеті үйлесім тапқан бірегей қалалар қатарынан көрінді. Әлеуеті ұлғайып, бәсекеге қабілетті әлемдік деңгейдегі мегаполис саналды. Бүгінде Қазақстанды айтқанда шетелдіктер ең алдымен «Астана» деп айтатын түсінік қалыптасты. Мұның өзі жаңа ғасыр шеңберінде жасарған мемлекеттің бренді бас қала екенін бірдірсе керек-ті.
Енді тұрақтылық пен ынтымақтастықтың, достықтың символы болған Астананың осы жылдар ішіндегі адуынды асуларына тоқталып өтсек.
Бүгінгі таңда Елорда түрлі халықаралық деңгейдегі шараларды өткізетін орталыққа ай­налғаны баршаға аян. Оның ішінде, мемлекеттер арасындағы қақтығыстардың, келіс­пеушіліктердің келелі кеңесі осы бас қалада нәтижелі шешімін табуда. Бұл әлем қауіпсіздігін қамтамасыз етуде еліміздің елеулі орны бар екенін білдіреді. Бұл тұста, Елордамыз Еуразия мен Солтүстік Америкадан 56 елдің мемлекет пен үкімет басшыларын жинаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ХХІ ғасырдағы алғашқы саммиті өткізілген жер ретінде жаһандық тарихқа енгені белгілі. Мұнан бөлек, VІІ Азия ойындары Астанада жоғары талапқа сай ұйымдастырылып, Бүкіләлемдік туристік ұйымы Бас ассамблеясының XVІІІ сессиясы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің XXXVІІІ сессиясы қабылданды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі де тұрақты өткізіліп келеді. Бүгінде «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі жоғары деңгейде өткізілгеннен кейін бүкіл әлем бас шаһарды креативті «Жасыл қалаға» балайды. Айта берсе, даму стратегиясы айқын елдің рухани орталығы, инновациялық өзегі саналатын Астанада айтулы шаралар жиі өткізіледі. Олардың ел үшін, оған қоса әлем халқы үшін маңызы жоғары екені тағы да айқын.
Осындай екі онжылдықта түрлі белестерді еңсерген Елорда көптеген жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, 1999 жылы Астана ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына лайық деп танылса, 2011 жылы «ТМД мен ЕурАзЭҚ-тың үздік қаласы» халықаралық байқауының жеңімпазы атанды. 2012 жылы Қазақстанның бас қаласы «ТМД мен Түркі әлемінің мәдени астанасы» құрметті миссиясын табысты орындап шықты.
Жалпы айтқанда, 20 жыл ішінде өрісі кеңейіп, өркендеген Астананың «Ұлы дәуірі» бастау алып, көркею кезеңі жалғасуда. Халықаралық ынтымақтастық қаласына ай­налған бас қала ел мерейін өсіріп, айбынды мемлекеттің абыройын асқақтатуда. Сон­дықтан асқақтай бер, көркейе бер, қазақтың Астанасы!

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
07 ақпан 2018 ж. 2 535 0