Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақиқатқа айналған арман

Ақиқатқа айналған арман


Еліміз тәуелсіздік алған соң азат мемлекет ретінде қабылдаған тарихи шешімдердің ең негізгілерінің бірі – Астананы Арқа төсіне көшіру болғанын жаңа тарихты жазушылар да, әлемдік сарапшылар да әлдеқашан мойындады.  Уақыт өткен сайын көз ілеспес жылдамдықпен дамып, жер жаһандағы әсем шаһарлардың қатарына қосылған Астана 20 жылда Қазақстанның басты брендіне айналды. Еуразия кіндігіндегі жас қала алып құрылыстың, дәстүр мен жаңашылдықтың озық үлгілерін бойына жинады. Әлемдік деңгейдегі басқосулар мен жиындар өтетін, адамзатқа ортақ мәселелердің шешімі талқыланатын орталыққа саналады. Бір ғана ЕҚЫҰ саммиті Астананың атын  дүние жүзіне әйгіледі.
Астананы Алматыдан Ақ­мо­лаға көшіру идеясы ал­ғаш рет жария етілгенде бұл бас­тамаға түсінбестікпен қара­ған­дардың қарасы қалың бол­ды. Жиырмасыншы ғасыр­дың басындағы Әлихан Бөкей­­ха­нов­тың «Қазақты автоно­мия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сон­да университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ. «Қо­зы Көрпеш – Баян сұлуды» шы­ғарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген арманы сол ғасырдың соңында ғана ақиқатқа айналды.
Тәуелсіздіктің елең-алаң ша­ғындағы жаңа мемлекеттің қа­лып­тасу кезеңі мен жаңа Астана­ның дамуы қатар жүрді. Астана – Елбасының төл туындысы екені ешкім айналып өте алмайтын ақиқат. Астана туралы Елбасының төмендегі толғанысы жаңа ға­сыр қаласының тарихын тара­зылағандарға жол сілтейді. «Жаңа астанаға көшу және оны са­лу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы  1992 жылы ту­ған еді. Бірақ мен ол кезде мұны ау­зымнан шығармадым, өйт­кені Қазақстанның эко­номикасы, ойлағанды іске асы­ру­ға мүмкіндік бермеді. ... Қазақстанның Пре­зи­дент­тігіне бүкіл халық бо­лып сайланғаннан кейін, мен Ақмолаға келдім. Есілден көл­денең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым. Маған қаланың ортасында ағып өзен жатқан болса, қашанда сол ұнайтын. Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында Аты­рау, Сырдарияның бойында Қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Се­мей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама Астаналар ылғи өзен жағасына салынған! Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лон­дон – Темзада тұр. Оның үс­тіне Ақмола Қазақстан мен бү­кіл Еуразияның орталығына орна­ласқан». Арада аз уақыт өткенде Есіл бойында армандағы Астана тұрғызыла бастады.
Қазақ тарихындағы астана­лардың сабақтастығына зер сал­сақ, ел үшін олардың қай-қайсысының да орны ерекше. Өткен ғасырдың басында біз­дің Ақмешіттің, қазіргі Қы­зыл­орданың қазаққа бас­ты орда болғанын бүгінгі тұр­­ғындары мақтанышпен ай­­та­мыз. Ақмешітті астана ре­тін­де таңдағанда Сұлтан­бек Қожа­нов «Қазақстан аста­насы орыс­тың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қа­зақ­тың киіз ауылында болса да, қазақ жұртшылығына жуық болуы керек. Қазақ астанасы бо­луға Орынбор қаласы шет­те болғандықтан ғана жара­майды емес, қазақ қаласы бол­мағандықтан, қазақ ұлт мем­­лекетінің ұлтшылдығына ор­­да болуына қисыны жоқ­тық­тан жарамайды. Қазақ ұлт мемлекетшілдігіне әдемі қала, ың­ғайлы үйлер керек емес, жа­ман да болса, өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қа­зақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қолына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын» деген дәйек келтіріпті. Бар бол­ғаны 4 жылда Қызылорда сол дәуірдегі қазақ зиялыларының басын қосқан, ұлттық білім мен мәдениеттің орталығына ай­налып үлгерді.
Бүгінгі бас қаламыздың бас­тауы, түп қазығы қағылған же­рі, қазақтың тарихи ордасы бол­ған Сыр бойындағы кең та­раған атаулар Астананың бет-бейнесінен орын алған. Оған Астанадағы Қызылорда облы­сындағы жер-су аттарымен атал­ған көшелер дәлел болады. Жаңа әкімшілік орталықтағы көшелер Ақмешіт, Қармақшы ауданының орталығы – Жосалының аты­мен аталады. Астанада Сыр бойындағы ірі аудан орталық­тарының бірі – Шиелінің аты бір көшеге берілген. Қызылордадан ең үлкен тармағы өтетін Сыр­дария өзенінің аты да Астана келбетін айшықтап тұр. Қыпшақ мемлекетінің сауда және саяси орталығы болған Сығанақ қала­сының, орта ғасырлардан сақталған көне Жанкенттің атауы еліміздің байтағынан лайықты орын тапқан. Сыр бойында туып, елдік намысты биік ұстап өткен, бүкіл қазақ жерінің тұтастығы үшін күрескен батырлар есімі де жаңа астананың көшелеріне берілген. 
Қызылорда қаласында соңғы жылдары бой көтерген жаңа аудан мен   ең үлкен даңғыл Астана атауын иемденген. Жалпы жылт еткен жаңалықты, болашағынан зор үміт күттірген жобаларды Астана есімімен байланыстыру үрдісі қалыптасты. Ырымшыл халықпыз ғой, бұл басталған істің Арқа төсіндегі әсем қаланың даму қарқыны мен бөлекше бейнесіне ұқсаса деген ниеттен туындағаны болар. Қазір Есілдің сол жағалауына салынған жаңа қаланың ізімен Сырдарияның сол жағалауы да игерілуде. Дария­ның арғы бетіндегі құрылыс қарқыны қызылордалықтардың да сөз саптауына «оң жағалау», «сол жағалау» деген атауларды енгізді.
Бүгінгі Астана еліміздің әкім­­шілік орталығы болуымен бір­ге азат елдің, ұлттың қайта тү­леуіне, әлемдік өркениетке ұм­ты­луына баспалдақ болды.  Астана бас қала болғалы бері өнер­кәсіп, инвестиция, туризм сала­лары бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетті. Бүкіл ел Астананың даму қарқынына іле­суге ұмтылуда. Бүгінгі Астана бұрынғы астаналардан мүлде бө­лек, тәуелсіз мемлекеттің таңдауы болумен қатар әлемге әйгілі архи-текторлардың қол­таңбасы қалған жаңа дәуірдің қаласы. Астананы Елбасы төл перзентіне балайды. Нұрсұлтан Әбішұлының  «Астана – бұл менің төл перзентім. Әр адам, тегінде өз қаласын сүйетін шығар. Ал біз өзіміздің жас қаламызды үш есе артық сүйеміз. Өйткені. біз оның құрылысын тақыр жерден бастадық. Мұндағы әрбір жаңа мүйіс, әрбір жаңа ғимарат біз­дің жүрегімізден шыққан, себе­бі олар туған сәтінен бастап біздің көз алдымызда» деген сөзі бас қаланың тәй-тәй басқан қада­мынан бастап, бүгінгі кемел шағына дейінгі жолын көз алдыңа әкеледі. Бұл жолдың ортасы емес, өйткені Астананың айбыны асқақтар шақ әлі алда.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА, 
«Сыр бойы».
28 маусым 2018 ж. 1 039 0