Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » "Елорданың жас тұрғыны екенімізді мақтан етеміз"

"Елорданың жас тұрғыны екенімізді мақтан етеміз"

Тәуелсіз қазақ елі өзінің әсем де сұлу бас қаласы астасымен мақтанады. Елордаға Нұр-Сұлтан деген атау бірілгенде ел-жұрт қуаныштан ақ тілегін білдірді. Елорданың бас қала болып қалыптасуына шын мәнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі өлшеусіз. Елбасы қаланың жаңадан салынып жатқан әрбір құрылысына жіті мән беріп, аз уақыттың ішінде әлем таныған ғажайып қалаға айналдырды.

Нұр-Сұлтан – арман қала. Оның таңдай қақтыратын керемет көрінісін бір көруге асығатын ел-жұрттың санында шек жоқ. Тіпті жыл сайын шет елден келетін қонақтардың саны да күрт өскен болатын қайбір жылы. Жүрегі елім деп соғатын қазақстандық азаматтың мақтанышына айналған бас қаланың тұрғындары да арта түсуде. Әсіресе жастардың Нұр-Сұлтан қаласында білім алып, сонда отбасын құрып, өсіп-өніп жатқандары қаншама. Сондай сырдариялықтардың қатарында Жеңісбек Бердешовтың отбасы да бар.

Жеңісбек Ақжарма ауылында туып өсіп, өзінің ауылдасы Пакизат Мұстафаевамен отау құрғаннан соң Елордаға қоныс аударған азамат. Оның өмірлік қосағы Пакизат Бүркітбайқызы ауданның мәдениет саласына өлшеусіз еңбек сіңірген өнер иесі Бүркітбай Мұстафаев пен медицина саласының ардагері Роза Сағындықтың перзенті. Пакизат өзі білім алған алтын мектебінен түлеп ұшқаннан соң еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне оқуға түсіп, экономика факультетінің сервис мамандығы бойынша жоғарғы білім алады. Жас маман 2007 жылдан бастап ҚР Президенті Іс Басқармасының "Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы" мемлекеттік кәсіпорындаменеджер болып қызмет етеді. Ол екінші жоғарғы білімін Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің "Қаржы" мамандығы бойынша алды. Қазір Пакизат менеджер ретінде өз ісінің кәсіби маманы. Оның жолдасы Жеңісбек "КазТрансГаз" акционерлік қоғамының әкімшілік ғимаратында бас инженер болып еңбек етеді. Жеңісбектің ата-анасы да 2005 жылдан бері Елорданың тұрғыны.

Жас отбасында үш бірдей бүлдіршін өсіп келеді. Үлкен ұл Мағжан мен қарындасы Айару мектеп оқушысы. Олардың бір жасар інілері Әл-тайыр бар.

– Туған жерден шалғайда жүргенімізге бірталай жыл болды. Жоғарғы білім алу үшін Елорданы таңдадым. Қазір еліміздің бас қаласында мамандығым бойынша еңбек етіп келемін. Шүкір отбасымыздың тірегі, қамқоршысы, өмірлік серігім Жеңісбек әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Балаларымыз көз қуанышымыз. Бүлдіршіндеріміздің жарқын болашағы үшін жақсы отбасы болуға тиіспіз. Ең бастысы баспанамыз бар. Деніміз сау болса әлі талай қуанышқа кенелетінімізге сенімдімін. Жыл сайын асыға күтетін Елорда күнін биыл дәстүрлі түрде тойламайтынымыз белгілі. Бастысы бас аман болсын. Мына әлемді жайлаған індеттен тезірек айығып, қуанышты күндерімізге жете берейік. Ауылдағы ата-анам аман болсын, ағайынға сәлем айтамын. Сыр еліне деген сүйіспеншілігіміз қайда жүрсек те біздің жүрегіміздің түкпірінде сақталады. Туған жердің түтіні түзу шығуына тілектеспіз, – дейді Пакизат Бүркітбайқызы.

Бүркітбай ағаның кенже қызы Пакизаттың әпкесі Ләззат та Ақмола облысының тұрғыны. Екі ағасы Берік пен Ғабит қарындастарының қамқоршысы. Олар да Нұр-Сұлтанның тұрғындары. Әрқайсысы бүгінде өз отбасын құрып, еліміздің бас қаласында түрлі салада еңбек етіп келеді. Бүркітбай аға мен Роза апа ауылда үлкен ұлы Серіктің қолында. Қарашаңырақ иесі Серік әке жолын қуған мәдениет саласының мықты музыканты. Осындай өнегелі отбасының перзенттері бүгінде ата-ана сенімін ақтап, дүниенің бір кірпіші болып қаланып келеді.

Бибісара ЖАНӘЛІ
06 шілде 2020 ж. 888 0