Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАМЫЗ КЕҢЕСІНДЕ ЕЛЕУЛІ ОҚИҒА ОРЫН АЛДЫ МА?

ТАМЫЗ КЕҢЕСІНДЕ ЕЛЕУЛІ ОҚИҒА ОРЫН АЛДЫ МА?

Аудан әкімі Ғ.Қазантаевтың төрағалығымен аудандық мәдениет үйінде білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.
Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал, жаңа даму мүмкіндіктері және иксклюзивті білім беру жүйесінің басым бағыттары "Білім және ғылым" тақырыбындағы биылғы тамыз кеңесінің күн тәртібіне арқау болды.
Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында өтетін дәстүрлі кеңеске облыстық білім басқармасының бөлім басшысы М.Бекмағанбетов, білім және ғылым қызметкерлері облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы Р.Байназарова, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, кент, ауылдық округ әкімдері, ардагерлер, аудандық мәслихат депутаттары, педагогтар мен ата-аналар комитетінің төрағалары және БАҚ өкілдері қатысты.
Тамыз кеңесін ашқан аудан басшысы Ғ.Қазантаев ең алдымен сала қызметкерлерін келе жатқан «Білім күні мерекесімен шын жүректен құттықтады. Сонымен бірге, кез келген елдің өсіп-өркендеуі жолында ұлағатты ұстаздардың алатын орны ерекше екенін айтып, Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдан бастап елімізде білім беру саласында дамыту бағытында көптеген бағдарламалар қабылданғанын атап өтті.
– Елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын жастарды білім нәрімен сусындатып, оқушыларға жөн сілтейтін, жетістіктерді бағындыруына бағыт беретін мұғалім мамандығы қашан да құрметті. Үкімет сала мамандарының біліктілігін арттыру, оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізді. Жыл сайын республика бойынша барлық өңірлерде дәстүрлі түрде өтетін тамыз кеңесі – ұстаздар қауымы тәжірибелерімен бөлісетін, оқушылар жетістіктерін паш ететін, алдағы оқу жылында атқарылатын жұмыстар нақтыланатын маңызды шараға айналды. Биылғы өзгешелік, тамыз кеңесіне тұңғыш рет Мемлекет Басшысының қатысуы. Яғни, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім саласына бей-жай қарамай, саналы да білімді ұрпақ тәрбиелейтін ұстаздар қауымына жасалатын жағдай мен қойылатын талаптарды, атқарылуы тиісті жұмыстарды тікелей өзі айқындап берді,- деді аудан әкімі.
Аудан басшысы сонымен бірге, аудан бюджетінің басым бөлігі білім саласына бөлініп жатқанын айтты. Нақты қолдау мен аудан ұстаздарының еңбегінің арқасында білім беруде қол жеткізген жетістіктер жоғары екенін мәлімдеді.
Кеңестің күн тәртібіндегі тақырыпқа сәйкес аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Л.Мығымбаева, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің директоры. Б.Бақбергенова, ардагер-ұстаз А.Дүйсебеков, №15 "Нұрбақыт" балабақшасының меңгерушісі Б.Мұсаева, жас маман А.Жакиева және №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектебінің ата-аналар комитетінің төрайымы А.Оразбаева сөз сөйледі.
Тамыз кеңесі аясында аудан басшысы мектеп оқушыларының работотехника саласы бойынша дайындаған көрмесін тамашалады. Былтырғы оқу жылында жемісті еңбек еткен сала үздіктері ҚР Білім және ғылым министрлігінің "Құрмет Грамотасымен", облыс, аудан әкімінің "Алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен бірге, ұзақ жылдар ауданның білім беру саласында жемісті еңбек етіп, биылғы жылы құрметті еңбек демалысына шыққан Сүюбаева Баян Орынбекқызына ҚР Білім және ғылым министрлігінің "Еңбек ардагері" медалі, Қызылорда облысының Құрмет Грамотасы, облыстық білім басқармасы басшысының "Құттықтау хаты" табыс етілді.

"ТТ"-ақпарат
25 тамыз 2019 ж. 1 103 0